Шымкенттегі ет базарларында баға құбылды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкенттегі ет көбіне Забадам шағынауданынан, сондай-ақ Түркістан облысының Сайрам ауданындағы Ақсукент пен Қарабұлақ ауылдарынан жеткізіледі.

Соңғы аптада Шымкенттегі ет базарларында сиыр еті шамамен килограмына 100 теңгеге арзандады. Сарапшылардың айтуынша, бұл — Қазақстаннан сиырларды сыртқа шығаруға салынған тыйымның ұзартылуы нәтижесінде қасапханалардағы сатып алу бағасының төмендеуінен туындап отыр. Дегенмен бағаның арзандауы тұтынушылар сұранысын арттырған жоқ — нарықтағы сауда көлемі бұрынғы деңгейде қалып отыр.
Қалалық нарықтардағы бағалар қазір мынадай деңгейде:
• Сиыр еті — 4 000–5 000 теңге/кг
• Жылқы еті — 3 800–4 800 теңге/кг
• Қой еті — 3 500–3 800 теңге/кг
• Қазы, рулет — шамамен 4 500 теңге/кг
• Тартылған ет — 4 300 теңге/кг
• Бауыр — 800–1 000 теңге/кг

25 жылдан бері ет сатумен айналысып келе жатқан Мамурхан Тойчиев бағаның төмендеу себебін былайша түсіндіреді.
— Сиыр еті соңғы аптада әр килограмына 100 теңгедей арзандады. Бұл — Өзбекстан бағытына экспортқа уақытша шектеудің әсері. Егер бұл шара ұзақ мерзімге сақталса, ішкі нарықтағы бағаны бақылауда ұстауға мүмкіндік туады, — дейді ол.

Базардағы сатушылардың айтуынша, ет құнының айтарлықтай төмендемеуінің бір себебі — жемшөп бағасының жоғары болуы. Өткен жылы бір тонна шөп 35 мың теңге тұрса, биыл бұл көрсеткіш 60 мың теңгеге жеткен. Бұл фактор ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қосымша салмақ түсіріп келеді.
Шымкенттегі ет көбіне Забадам шағынауданынан, сондай-ақ Түркістан облысының Сайрам ауданындағы Ақсукент пен Қарабұлақ ауылдарынан жеткізіледі. Сатушылар етті 3 500–3 600 теңгеден сатып алып, одан әрі сүйекті, таза етті немесе фарш бағасын белгілейді. Сауда үстемесі шамамен 15%-ды құрайды.

20 жылдан аса уақыт бойы ет саудасында жүрген Бахтияр Раупов мал сатылымы төмендегенін айтады.
— Бұрын бір аптада сегізге дейін мал сататын едік, қазір екі-үштен аспайды. Сатып алушылардың көбі үнемдеуге көшті. Бір-екі килограмм сиыр етін ғана алып, қалғанын жылқы етімен толықтырады, — дейді ол.

Үлкен отбасылар үшін тұтас жілік алу тиімдірек. Бұл бір айлық қажеттілікті жабады және дүкен мен базардан бөлек-бөлек сатып алғаннан гөрі арзанырақ түседі.

Ет қасапханадан базар сөресіне жеткенше екі кезеңді санитарлық тексеруден өтеді. Алдымен — мал сойылған жерде ветеринар мамандар тексереді, кейін базар зертханасында биологиялық сынамалар алынып, патогендер мен антибиотиктерге сараптама жасалады. Оң қорытынды алынған соң ғана ет сатылымға шығарылады.
Қасапханаларда етті бөлу үшін заманауи әдістер қолданылады. Өткір пышақ пен қуатты жабдық сүйектерді ұқыпты кесіп, еттің сапасын сақтауға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл өнімнің көрінісі мен сапасын жақсартады.

Сиыр еті бағасының төмендеуі өңір тұрғындары үшін жағымды жаңалық болғанымен, нарықтағы сұраныстың айтарлықтай өзгермегені байқалады. Мамандардың пікірінше, жемшөп құны тұрақтанбайынша, ет бағасы да күрт арзандай қоймайды.

Бұл жағдай ауыл шаруашылығы саласындағы тұрақтылық пен баға теңгерімін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қолдау шараларының маңыздылығын тағы да дәлелдеп отыр.
Айта кетейік, бұдан бұрын жылқы еті мен қой етіне қанша субсидия төленетіндігін жазған болатынбыз.