Шымкенттегі Конгресс-холл енді «Қызғалдақ» деп аталады
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Бұған дейін «Tulip Hall» аталып келген нысан енді қазақы болмысқа сай — «Қызғалдақ» атауын иеленді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласына жасаған жұмыс сапары барысында жаңа Конгресс-холдың қызметімен танысып, аталған нысанға оң бағасын берген болатын. Сондай-ақ, бұл ғимараттың руханият пен мәдениеттің орталығына айналуы тиіс екенін атап өткен еді.
Сонымен қатар, Президент атауға ерекше мән беру қажеттігін айтып, шетелше атаудың орнына ұлттық нақыштағы «Қызғалдақ» атауын ұсынған болатын.
— Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл бастамасы — ұлт руханиятын жаңғыртып, төл мәдениетімізді заманауи кеңістікпен ұштастырудың айқын көрінісі. Бұл өзгеріс тек атаудың жаңаруы емес, сонымен қатар ұлттық сана мен мәдениеттің жаңа деңгейге көтерілуінің белгісі, — делінген Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан хабарламада.
Айта кетейік, «Қызғалдақ» Конгресс-холлы 2024 жылы пайдалануға берілген. Заман талабына сай жабдықталған нысан 2 мыңнан астам көрерменге арналған.
Бұдан бұрын жазғы шомылу маусымында Шымкентте қай жерде суға түсуге рұқсат берілгендігін жазған болатынбыз.