Шымкентте қорғасын өндіретін кәсіпорынға 17 миллион теңге айыппұл салынды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкенттіктер «Ордабасы» индустриялық аймағы маңындағы өткір химиялық иіс пен түтінге шағымданды. Экологтер тұрғындардың арызы бойынша «Rock Minerals» LLC зауытында жоспардан тыс тексеру жүргізіп, заң бұзушылықтарды анықтады.
Экология департаментінің инспекторлары шағымнан кейін кәсіпорында тексеру жұмыстарын жүргізген. Белгілі болғандай, серіктестік Экологиялық кодекстің бірнеше бабын бұзған.
— Тұрғынның арызы бойынша 2026 жылдың 28 қаңтарында «Rock Minerals» ЖШС-ге жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру барысында ҚР Экологиялық кодексінің 39, 106, 120, 202-баптары бойынша бұзушылықтар анықталды. Әкімшілік хаттама толтырылып, әкімшілік айыппұл салынды, — делінген ақпаратта.
Компанияға 17 607 398 теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді.
Экологиялық мәселелерге қарамастан, «Rock Minerals» ЖШС өндірісті кеңейтуді жоспарлап отыр. Компания жаңа цех салуға экологиялық рұқсат алу үшін құжаттарын тапсырып үлгерді. Мұнда түсті металл сынықтарынан мыс қорытпалары, жез, қорғасын, қола өндіріледі. Бұл жоба бойынша қоғамдық тыңдаулар 7 сәуірге жоспарланған.
Экология департаментінің мамандары аталған мәселемен қатар «Шымкентмай» АҚ-да тексеру жұмыстарын бастады. Алайда тергеу жұмыстары созбалаңға салынды. Ведомстводағылар кәсіпорынның шағым түсіргенін, сондықтан тексеру мерзімі тағы екі айға ұзартылғанын түсіндірді.
Еске сала кетейік, Шымкент еліміздегі ауасы ең көп ластанған 10 қаланың қатарына енді. Мамандар бұл жағдайды ескі автокөліктер санының көбеюі, өнеркәсіп өндірісінің ұлғаюы және индустриялық аймақтардың кеңеюімен байланыстырады.