Шымкенттегі құрылыс жұмыстарын екі компания бөліп алғаны жайындағы ақпарат жалған — әкімдік

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент әкімдігі қаладағы құрылыс жұмыстарына қатысты тараған ақпаратқа ресми жауап берді. 

Шымкенттегі құрылыс жұмыстарын екі компания бөліп алғаны жайындағы ақпарат жалған — әкімдік
Фото: freepik.com

Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бауыржан Ниязбековтың айтуынша қаладағы құрылыс жұмыстарына арналған конкурстарды екі компания өзара бөліп алды деген ақпарат шындыққа жанаспайды.

Сондай-ақ, тағы төрт компания екінші қатысушы рөлдерін атқарып келеді деген ақпарат та жалған.

— Әрбір конкурстың жеңімпазы рейтингтік балдық жүйеде бәсекелестік негізінде айқындалады, — деді ол.

Ал, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек конкурсқа қатысуда ешқандай шектеу жоқ екендігін жеткізді.

— Қанша компания қатысқысы келеді, шектеу жоқ. Өзінің әлеуетіне қарай арасында жеңімпаз болып жатқандары бар. Істелетін жұмысқа компанияның әлеуеті жетуі керек, сай болуы қажет. Сома үлкен болғаннан кейін қойылатын талап та жоғары. Конкурстың жеңімпазын анықтауға Шымкент қаласындағы мемлекеттік сатып алулар басқармасының да, әкімдіктің де, ешкімнің қатысы жоқ. Барлығы заң аясында, заңның нормаларына сәйкес жүзеге асырылып жатыр, — деді ол.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкенттегі Конгресс-холл кешеніне «Қызғалдақ» деп атау берілгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар