Шымкентте жалдамалы пәтерден екі студенттің денесінің табылуына байланысты тергеу басталды
АСТАНА KAZINFORM - Шымкенттегі пәтерлердің бірінен Үндістаннан келген екі студенттің мәйіті табылды. Қайғылы оқиға көпқабатты үй пәтерлерінің бірінде болған.
Шымкент қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, мерт болғандар 21 және 22 жастағы медициналық академияның 2 курс студенттері. Біреуі жатын бөлмеден, екіншісі дәлізден табылды.
Полиция бөлімшесіне қоңырау 18 қыркүйек күні шалынған.
- Оқиға орнына жеткен жедел топ студенттердің қайтыс болғанын анықтады. Бастапқыда сарапшылар мұның себебі газ шығуынан немесе көміртегі тотығуынан болуы мүмкін деп болжаған, бірақ бұл нұсқа расталмады. Газ қызметі мамандарының айтуынша, пәтер газдандырылған, алайда өлшеу кезінде пәтерден улы газ табылмаған. Мәйіттерді визуалды тексеру кезінде зорлық-зомбылық белгілері анықталмады. Тергеу жүріп жатыр, өлімнің нақты себебін анықтау үшін сараптамалар тағайындалды», - деп хабарлады полиция департаменті.
Пәтерде қаза тапқандардан басқа тағы екі адам болған. Олар токсикология бөліміне жеткізілді. Медициналық көмек көрсетілген соң үйлеріне шығарылды. Тамақтан улану мүмкіндігі де қарастырылуда. Зардап шеккендер кешкі асқа макарон жеп, шай ішкендерін айтты. Оқиғаға байланысты тергеу басталды.
Осыған дейін Шымкентте жалдамалы пәтерден екі студенттің мәйіті табылғанын жаздық.