Шымкенттегі саябақтардың орнына тұрғын үй кешені салынбайды — Сәрсен Құранбек

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Қалада саябақтарды көбейту жұмыстары қолға алынды.

Алматыда Әлия мен Мәншүк атындағы саябақта Қызыл кітапқа енген емен ағашы кесілді
Фото: Александр Павский/Kazinform

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, ресми өкіл Сәрсен Құранбектің сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта мегаполисте саябақтар мен аллеялар көбейетін болады. Ал, «саябақтардың орнына тұрғын үй салынады» деп көпшіліктің айтып жүрген әңгімесі жалған. 

— «Кең баба» мен «Қиял әлемі» саябағында қолданыстағы заңнаманың барлығы бұзылған. Сол себепті қайтарып алып жатырмыз. Оның орнына көпқабатты тұрғын үй салынады екен деген әңгіме жүріп жатыр. Мұның барлығы жалған. Сіздер арқылы көпшіліке айтқымыз келеді. Бұл саябақтардың орнына бірде бір көп қабатты тұрғын үй кешені салынбайды. Саябақ сол күйі саябақ болып қалады, — деді Сәрсен Құранбек.

Сондай-ақ, ресми өкіл қалада саябақ пен аллеяларды көбейту — қала әкімдігінің алға қойып отырған негізгі мақсаты, міндеті екендігін жеткізді. 

— Өткен жылы 26 саябақ пен аллея бизнестің есебінен іске қосылды. Сондай-ақ, бұл мақсатта қаладағы каналдардың барлығы тазаланып, ирригация жүйесі ретке келтіріліп жатыр, — деді ол. 

Айта кетейік, бұдан бұрын Сәрсен Құранбек Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі болып бекітілгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар