Шымкенттік дәрігерлер салмағы 980 гр боп туған сәбиді аман алып қалды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM. Шымкентте салмағы небәрі 980 грамм боп туған шақалақ аман қалды. Дәрігерлер оның өмірі үшін 28 күн күрескен.

39 жастағы жүкті келіншек №2 қалалық аурухананың перзентхана бөліміне жеткізіліп, жағдайы ауыр болғандықтан дәрігерлер кесар тілігін жасаған. Салмағы бір келіге де жетпейтін ұл баланың жағдайы ауыр болған.
Дәрігерлер нәрестені дереу жансақтау бөліміне жатқызып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосып, инфузионды және инотропты ем шараларын жүргізген.
«Жансақтау бөлімінде 28 күн жатқан Мұстафа дәрігерлердің шешімімен нәрестелер патологиясы бөліміне ауыстырылды. Өздігімен дем ала бастады. Сәбиді дәрігерлер анасының құшағына берді. Қазіргі таңда баланың салмағы 2700 грамм болды. Жағдайы қанағаттанарлық. Жақын арада ана мен бала отбасымен қауышатын болады», - деді қалалық денсаулық сақтау басқармасындағылар.
Еске салсақ, біз бұған дейін елімізде «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы 3 жылда 7 мың нәресте дүниеге келгенін жазған болатынбыз.
Шымкентте әр 15 минут сайын 1 нәресте жарық дүние есігін ашатыны белгілі болған.