Шымкенттік емші асырап алған астаналық егіз – тастанды
АСТАНА. KAZINFORM – Шымкенттің тұрғыны егіз сәбиді қамқорлығына алуға қатысты құжаттарды тапсырып, бауырына басқан.

«Балалар 2021 жылғы 2 шілдеде «Денсаулық сақтау ұйымында баланы тастап кету» туралы акт негізінде Астана қаласының мамандандырылған балалар үйіне түсті», - деп түсіндірген Астана қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев Kazinform агенттігі жолдаған сауал жауабында.
Басқарма басшысының орынбасары, тастанды егіздің сол кездегі денсаулық жағдайына қатысты мәліметпен бөлісе алмайтынын айтты.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 273-бабына сәйкес, медициналық көмекке жүгіну фактісі, адам денсаулығының жай-күйі, оның ауруының диагнозы туралы ақпарат және оны зерттеп-қарау және емдеу кезінде алынған өзге де мәліметтер медициналық тұрғыдан құпия болып саналады. Осыған байланысты егіз сәбидің денсаулық жағдайы туралы мәліметтерді ұсыну мүмкін емес», - дейді ол.
Одан бөлек, шымкенттік емшінің балаларды қорлағаны жайлы ақпараттар тарап, қоғамды дүр сілкіндіргеніне қарамастан егіз баланы бұйрыққа сүйеніп, бере салған елордадағы балалар үйінде ішкі тексеріс жүргізілмегені айтылды.
«Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға қамқоршылық немесе қорғаншылық белгілеу» мемлекеттік қызметін алу үшін, өтініш беруші Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 158 бұйрығымен бекітілген «Отбасы және балалар саласында мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларының» 8-тармағында көзделген барлық құжаттарды, оның ішінде соттылығының жоқтығы және психиатриялық диспансерде есепте тұрмайтыны туралы анықтамаларды ұсынды. Осыған байланысты, мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға негіз болған жоқ», - дейді білім басқармасынан.
Бұған дейін шымкенттік емші асырап алған егіз елордаға қайтарылғаны туралы хабарлаған едік.
Еске салайық, емшінің асырап алған 6 баласын қорлап, азаптағаны белгілі болды.
Сонымен бірге, Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 18 маусымдағы жеке қаулысы қарастырылды. Жеке қаулыны қарау қорытындысы бойынша қорғаншылық және қамқоршылық органының қызметкерлерімен жүктелген функционалдық міндеттерді сапалы орындау, оның ішінде мемлекеттік қызметтер көрсету тұрғысынан түсіндіру жұмыстары жүргізілді.