Шымкенттік кәсіпкерлер ет экспорттауда қиындыққа тап болып отыр
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Ет экспортына енгізілген шектеулер Шымкенттегі ет өндірушілердің жұмысына бірқатар кедергі алып келді.
Бұрын 1 мың бас малға арналған бордақылау алаңы бар кәсіпкерлер ет өнімдерін шетелге еркін экспорттай алатын.
Алайда жаңа талапқа сәйкес, тек 5 мың бас малға арналған бордақылау алаңы бар кәсіпкерлерге ғана өнімді сыртқы нарыққа шығаруға рұқсат етілген. Ал мұндай кәсіпорындар Шымкент қаласында тіркелмеген.
Кәсіпкер Тахирбек Нышанбаев егер бұл мәселе шешілмесе, мал бордақылау кәсібі тиімсіз салаға айналуы мүмкін екенін айтады.
— Қазіргі таңда қалада 40-қа жуық ірі ет өндіруші бар. Алайда 5 мың бас малға қойылатын талапты айтпағанда, 1-2 мың бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы бар кәсіпорындардың өзі саусақпен санарлық. Оның үстіне, олардың да өнімін сыртқы нарыққа шығару мүмкіндігі жоқ. Бұл мәселені Ауыл шаруашылығы министрі келген кезде де көтердік. Біздің ұсынысымыз — квотаны 5 мың басқа емес, 1 мың басқа арналған бордақылау алаңдарына беру. Осы ұсыныс іске асырылса, шағын шаруашылықтар да экспорттық нарыққа қатыса алады және қалада мал шаруашылығы тұрақты дамиды, — деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта өндірілген ет өнімдері қала дүкендеріне, көршілес Түркістан облысындағы ірі қара мал етін экспорттайтын кәсіпорындарға өткізіліп жатыр.
— Малды ұстап тұруға мүмкіндік жоқ, сондықтан өткізуге мәжбүрміз. Қазіргі жағдайда кейбір кәсіпкерлерге қаражатты уақытында төлемеу немесе кешіктіру мәселелері де кездеседі. Экспорттың шектелуіне байланысты көптеген кәсіпкер табыс болмай жатқанын айтып, ары қарай мал ұстамауға бекініп отыр. Бұл болашақта қалада мал санын азайтып, ет тапшылығына әкелуі мүмкін, — деді ол.
Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бауыржан Бердалиевтың айтуынша, енгізілген шектеулер ішкі нарықта сиыр еті бағасының қымбаттауын тежегенімен, бірқатар мәселелердің туындауына себеп болып отыр.
— Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығына сәйкес, 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ірі қара мал етін экспорттауға 13 мың тонна көлемінде квота енгізілген. Экспорттық квотаны бөлу қағидасына сәйкес, сиыр етін экспорттау үшін жеке және заңды тұлғалардың ет өңдеу кәсіпорны мен кемінде 5 мың бас ірі қара малға арналған жеке бордақылау алаңы болуы тиіс. Іс жүзінде бұл талаптарға елімізде санаулы ғана компания сәйкес келеді. Мысалы, Шымкент қаласында сыйымдылығы 1 мың бас ірі қара малға арналған 9 бордақылау алаңы жұмыс істейді. Қазіргі таңда бұл шаруалардың экспорттық әлеуеті төмендеп отыр, — деді ол.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, Шымкент қаласында бүгінде 96 мыңнан аса ірі қара мал бар.
— Бұл мәселе Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында да, басқа да түрлі деңгейде талқыланды. Осыған орай «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы сиыр етін экспорттаушыларға қойылатын талаптарды, атап айтқанда, кемінде 5 мың бас ірі қара малға арналған жеке бордақылау алаңының міндетті түрде болуы жөніндегі талапты қайта қарауды ұсынып отыр, — деді Бауыржан Бердалиев.
Осыған қатысты Kazinform тілшісінің сауалына Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы департаментінің директоры Бағлан Аймырзаев жауап беріп, жағдайды түсіндірді.
— Былтыр 31 желтоқсанға дейін 13 мың тонна ет экспортына квота берілді. Ал биылғы 1 қаңтардан бастап ірі қара етін шетелге сатуға тағы 6 айға шектеу енгізіледі, яғни квота көлемі 20 мың тонна болып белгіленді. Квота талаптарына сәйкес, 5 мың бас бордақылау алаңы болуы және оған қоса жеке ет комбинаты жұмыс істеуі қажет. Сонымен қатар, бұл бағытта сыртқы экономикалық келісімшарттардың болуы міндетті. Бұл талаптардың себебін дұрыс түсіну қажет, өйткені 1 мың бас бордақылау алаңдары ет комбинаттарының өндірістік қуатын толық көлемде қамтамасыз ете алмайды. Мысалы, 5 мың бастан шамамен 1 мың тонна ет, ал 1 мың бастан шамамен 200 тонна ет алынады. Алайда 200 тонна етпен сыртқы нарықтағы сұранысты толық қанағаттандыру мүмкін емес. Сол себепті осындай талаптар енгізіліп отыр. Ал 5 мың бас бордақылау алаңдары сыртқы нарықтағы сұранысты тұрақты әрі үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл процестің бәрі ветеринариялық толық қадағалаумен жүзеге асырылады. Мал 4 ай бойы бордақылау алаңында тұрып, кейін ет комбинатына өткізіледі. Бүкіл кезең арнайы цифрлық жүйе арқылы бақылауда болады. Сонымен қатар, халықаралық жануарларды қорғау ұйымының талаптары да ескерілген. Ол ұйым да толық қадағалау жүйесінің болуын міндеттейді. Сондықтан бұл квотаны халықаралық талаптарға сай енгізілген жүйе деп түсінген жөн, — деді ол.
Министрліктің мәліметінше, квоталау енгізілген сәттен бастап сиыр еті экспортының көлемі 4,3 мың тоннаға жеткен.
— 2024 жылы 22,4 мың тонна сиыр еті экспортталса, өткен жылғы меже 30,6 мың тоннаны көрсетті. Осылайша экспорт көлемінің 1,4 есеге артқаны байқалды. 2025 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша елдегі ірі қара мал саны 8,3 млн басқа жетті, яғни 2024 жылмен салыстырғанда 2,7%-ға артқан, — делінген ведомствоның ұсынған жауабында.
Бұдан бұрын сиыр еті экспортына квота енгізу ішкі нарықтағы бағаға қалай әсер еткенін жазған едік.