Шымкенттіктер тарихи матчты үлкен экрандар арқылы көре алады
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Бүгін UEFA Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ерекше тарихи оқиға орын алмақ.

Алматының «Қайрат» футбол клубы әлемдік футбол алыптарының бірі — Испанияның «Реал Мадрид» командасымен жасыл алаңда кездеседі. Футболсүйер қауым асыға күткен кездесу Шымкент қаласында да көрсетіледі. Жанкүйерлерге ыңғайлы жағдай жасау мақсатында қала әкімдігі тікелей көрсетілімді үлкен экрандар арқылы ұйымдастырып жатыр. Матчты шымкенттіктер мен қала қонақтары қалалық «Жастар орталығы» ғимаратында және «Астана» алаңында тамашалай алады.
— Бұл кездесу — еліміздің спорт тарихындағы айтулы сәттердің бірі. Сіздерді әлемдік футбол жұлдыздарының ойынына куә болуға және «Қайрат» командасына жанкүйер болуға шақырамыз, — делінген қала әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Әлемдік футбол жұлдыздарының өнерін көзбен көруге мүмкіндік беретін матч бүгін сағат 21:45–те басталады.
Айта кетейік, бұдан бұрын Алматыда стадионнан тегін автобустар жүретіндігін жазған болатынбыз.