Шымкенттің бас дәрігері өрттен зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте «Ордабасы» индустриялды аймақтағы өрттен зардап шегіп, ауруханаға түскен екі науқастың жағдайы белгілі болды.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбековтың айтуынша, төтенше жағдай кезінде жедел жәрдем қызметі, сонымен қатар эвакуациялық орталықтарда дәрігерлер жүйелі жұмыс атқарған. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің нәтижесінде ауыр халге түскен науқастар тіркелмеген. Оқиға болған аумақта 10 жедел жәрдем бригадасы кезекшілік еткен.
«Төтенше жағдай барысында барлық аурухана және емхана штаттық режимде жұмыс істеді. Оқыс жағдай салдарынан ауруханаға түскен екі науқастың қазіргі жағдайы жақсы. Дәрігерлердің бақылауына алынды. Алаңдауға негіз жоқ», - деді қаланың бас дәрігері.
Басқарма басшысының айтуынша, ауруханаға жатқызылған науқастың бірі бүгін-ертең үйіне шығарылады.
Еске салсақ, Шымкентте индустриялды аймақтағы KMG Supple Company ЖШС аумағында техникалық газ қабыршақты күкірт жанып, өртке ұласты. Оқиға салдарынан 10 адам медициналық көмекке жүгінгені туралы бұған дейін жаздық.
Ал, тұрғындар қалада өрттен кейін жағымсыз иіс шыққанын айтып шағымданды. Олардың тыныс алуы қиындап, өздерін жайсыз сезінген.