Шымкенттің бұрынғы ХҚКО басшысының тергеу кезіндегі өліміне не себеп болды - мамандар

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM-Шымкентте №2 арнайы ХҚКО-ның бұрынғы басшысы Жомарт Мурашимов көз жұмды. Ол жүргізуші куәліктерін заңсыз беру ісімен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ құру дерегі бойынша тергеуде болған.

аурухана
Фото: Азертадж

Kazinform агенттігінің ресми сауалына орай Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасы Мурашимовтың тергеу барысында қамауда отырған кезінде профилактикалық тексерулерден өтіп, салалық мамандардың кеңесін алғанын хабарлады.

— Жүргізілген тексерулер мен қараулардың нәтижесінде оның бойынан мынадай созылмалы аурулар анықталды: артериялық гипертония, бронх астмасы, остеохондроз. Ол қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілді, — деп хабарлады ведомство.

18 тамыз күні тергеудегі азаматтың жағдайы күрт нашарлаған: артериялық қысымы 240/120 дейін көтеріліп, ми қан айналымының жедел бұзылуы белгілері тіркелген. Жедел жәрдем бригадасы оны №1 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөліміне жеткізіп, «Ми қан айналымының бұзылуы (геморрагиялық түрі)» диагнозымен нейрореанимация бөліміне жатқызды.

- Толық көлемде медициналық көмек көрсетілгеніне қарамастан, 19 тамыз күні сағат 10:46-да тергеудегі Мурашимовтың биологиялық өлімі тіркелді. Өлім себебі: жедел жүрек-қантамыр жеткіліксіздігі, көп ағзаның жеткіліксіздігі, — деп қосты Денсаулық сақтау басқармасындағылар.

Аталған дерек бойынша материалдар құқық қорғау органдарының бірыңғай тіркеу реестріне енгізілді. Медицина қызметкерлеріне қатысты тексеру жүргізіліп жатыр, оның нәтижесінде тиісті шешім қабылданатын болады.

Ал, Мурашимовтың мүддесін қорғаған адвокат Талғат Есімов айыпталушының денсаулығының нашарлағанын дәлелдейтін барлық медициналық құжаттарды сотқа тапсырғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, бұдан бұрын Руслан Берденовтың ісіне қатысты сот Ернар Жиембайды 9 жылға бас бостандығынан айырғанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар