Шымкенттің миллионыншы тұрғыны Айсұлу жеті жасқа толады

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — 2018 жылы Айсұлу Еламанова Шымкенттің миллионыншы тұрғыны ретінде тарихқа енді.

Шымкенттің миллионыншы тұрғыны: Айсұлу жеті жасқа толады
Фото: Kazinform

Айсұлу бүгінде бірінші сыныпта оқиды. Сабағы жақсы, күнделігі кілең «беске» тола. Сыныпта да қатарластарының алды.

— Оқуға деген ынтасы жоғары. Кішкентай болса да көп ізденеді. Үй тапсырмасын орындап қана қоймай — зерттейді, тәжірибе жасайды, сұрақтар қояды. Әсіресе математикаға қатты қызығады, — дейді сынып жетекшісі.

Шымкенттің миллионыншы тұрғыны: Айсұлу жеті жасқа толады
Фото: Kazinform

Оқушының күн тәртібі мұқият жоспарланған. Бос уақыты жоқ. Мектептен кейін бассейнге жүзуге барады, одан соң, би үйімесі мен гимнастикаға қатысады.

— Жақында қызым жүзуден қалалық жарыста алтын медаль жеңіп алды. Не істесе де, жүрегімен істейді, — дейді анасы Айжан Ахайбекова.

Шымкенттің миллионыншы тұрғыны: Айсұлу жеті жасқа толады
Фото: Шымкент әкімдігі

Қаланың миллионыншы тұрғынының дүниеге келу оқиғасы бөлек әңгіме. Анасының айтуынша, босану 16 мамырда табиғи жолмен жоспарланған. Бірақ нәресте дұрыс орналаспағандықтан, кесар тілігін жасау керек болыпты. Дәл осы күн — 17 мамыр — Айсұлудың туған күні және Шымкентке мегаполис мәртебесі берілген күн болды. Сондай-ақ, отбасы үшін де қуанышқа толы күн ретінде есте қалды. Тар пәтерде күнелтіп келген сегіз адам бірден екі бөлмелі кең баспанаға қол жеткізді. Ол кезде Айсұлудың ата-анасы 21-ге толған жас отбасы болатын.

Шымкенттің миллионыншы тұрғыны: Айсұлу жеті жасқа толады
Фото: Kazinform

— Білесіз бе, мен Айсұлудың ерекше қыз екенін бірден түсіндім. Оның құлағында кішкентай белгі бар, бұл ерекше балалардың белгісі деп саналады. Оның үстіне оның дүниеге келуі мұсылмандардың қасиетті Рамазан айының бірінші күніне тұспа-тұс келді. Бірақ, шынымды айтсам, тағдыр бізге мұндай сый дайындағанын елестете де алмадым, — деп сол күндерді еске алады Айжан.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында дүниеге келген үшемдерге Мұхаммед, Махмұд, Ахмет есімдері қойылғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар