Шыны балқып, өнерге айналады: петропавлдық шебер фьюзингтің сырын ашты

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавл тұрғыны Анна Зирюкина 15 жылдан бері шыныны балқытып, одан әшекей бұйымдар мен сәндік заттар жасаумен айналысып келеді. Ол бұл кәсіпке кездейсоқ келгенімен, бүгінде шынысыз өмірін елестете алмайды.

Шыны балқып, өнерге айналады: петропавлдық шебер фьюзингтің сырын ашты
Фото Анна Зирюкинаның жеке мұрағатынан

Kazinform тілшісі Анна Зирюкинамен фьюзинг атты өнердің ерекшелігі, авторлық қолтаңба және қолөнерге деген сұраныс туралы әңгімелесті.

— Анна, фьюзингке қалай келдіңіз? Шыныға деген қызығушылығыңыз неден басталды?

—  Бұған дейін, 2006-2011 жылдары шыны цехында дизайнер болып жұмыс істедім. Бірақ ол жерде қолданылған шыны мен қазіргі айналысып жүрген фьюзингтің арасында ортақ нәрсе өте аз. Басқа технология, басқа материал қолданылады.

әшекей
Фото Анна Зирюкинаның жеке мұрағатынан

Бір күні интернеттен кездейсоқ фьюзинг туралы ақпаратты көріп қалдым. Бұл түрлі түсті шыны кесектерін жоғары температурада арнайы пеште бір-біріне балқытып біріктіру арқылы витраждар, сәндік бұйымдар мен әшекейлер жасау технологиясы. Шеберлердің жұмыстарын көргенде қатты таңғалдым. Шыныдан осындай түрлі түсті, ерекше бұйымдар жасауға болатынын бұрын білмеген едім. Қиялыма қанат біткендей болды. Осы материал арқылы қаншама дүниені жасауға болатынын түсіндім. Бір көргеннен ұнаттым деуге болады. Қазір фьюзингсіз өзімді мүлде елестете алмаймын. Кейде «бізді тағдыр табыстырды» деп әзілдеймін.

— Сырт көзге фьюзинг шынымен сиқыр секілді көрінеді: түрлі түсті шыныларды біріктіріп, пешке саласыз, одан мүлдем басқа бұйым шығады. Ал оның артында қаншалықты күрделі жұмыс жатыр?

— Шыны — әрі нәзік, әрі күрделі материал. Сонымен бірге шығармашылыққа үлкен мүмкіндік береді. Бірақ оның өзіне тән техникалық шектеулері бар.

әшекей
Фото Анна Зирюкинаның жеке мұрағатынан

Фьюзингте тәжірибе өте маңызды. Шыны сұйық та, қатты да емес, аморфты материал. Сондықтан оның пештен шыққаннан кейінгі нәтижесін алдын ала 100% болжау мүмкін емес. Қанша жыл жұмыс істеп келе жатсам да, пешті ашқанда нақты қандай дүние шығатынын білмей тұрамын. Кейде ойлағаныңдай болмауы мүмкін.

Бірақ барлық техникалық нюансты біліп, шынының қасиетін түсінсең, жұмыс біртіндеп жеңілдейді. Ішкі түсінік қалыптасады. Қай температурада не болатынын, материалдың өзін қалай ұстайтынын сезіне бастайсың.

Фьюзингтің өзі өте нақты технология. Температура, қыздыру, салқындату тәртібі — бәрі маңызды. Бір параметр дұрыс болмаса, дайын бұйымның нәтижесіне әсер етеді.

— Әдетте қандай бұйымдар жасайсыз?

— Фьюзингтің қолданылу аясы өте кең. Оны интерьерде, мысалы, витраж жасап, есіктерді, аралық қабырғаларды безендіруге пайдалануға болады. Әшекей бұйымдар да жасалады.

Менің фьюзингтен жасаған алғашқы бұйымым мойынға тағатын әшекей болды. Бір танысым көріп, бірден сатып алды. Сол кезде осы бағытпен айналысамын деп шештім.

Негізінен сырға, сақина, кулон жасаймын. Кейде көңіл-күйіме қарай тәрелке, сағат секілді бұйымдарға да кірісемін.

Екі жылдан бері ас үйіме үлкен сағат жасауды ойлап жүрмін. Бұған дейін де сағаттар жасағанмын, бірақ бұл жолы басқа технологияны қолданып көргім келеді. Алайда оған көп шыны қажет. Ал шыны қазір өте қымбат.

 Анна Зирюкина
Фото Анна Зирюкинаның жеке мұрағатынан

— Фьюзингтің қымбат хобби екенін айтып қалдыңыз. Бір бұйымның бағасы неден құралады?

— Менің дайын бұйымдарымның өзіндік құнының шамамен 90% — материалдың бағасы. Шыны бұрыннан қымбат материал болған. Мысалы, осыдан 15 жыл бұрын 70 мың теңгеге алған шыным қазір 1,2 млн теңге тұрады. Айырмашылықты өзіңіз есептей беріңіз.

Фьюзингке арналған шыныны әлемде санаулы компания ғана өндіреді. Ең сапалы материалдардың бірі — америкалық шыны. Дихроикалық шыны деген де бар. Ол өте ерекше декоративтік материал, бағасы да қымбат.

— Ал шынының кез келген түрін фьюзингке пайдалануға бола ма?

— Жоқ. Бұл технологияға арнайы параметрлері сәйкес келетін шыны қажет. Әртүрлі шыныны ойыңызға келгендей араластыра салуға болмайды. Оның техникалық үйлесімділігі болуы керек. Сондықтан материалды таңдаудың өзі — жұмыстың маңызды бөлігі.

— Фьюзинг бізге қашан келді?

— Шыныны балқытып, одан бұйым жасау тәсілдері өте ертеден белгілі. Оның элементтері Ежелгі Мысыр дәуірінде кездеседі. Ежелгі Рим шеберлері де шыныдан керемет дүниелер жасаған. Олардың кейбір бұйымдарының қалай жасалғаны әлі күнге дейін құпия.

Ал Венеция шыны өнерінің дамуында ерекше орын алады. Мурано аралы бүгінде де әйгілі шыны бұйымдарымен танымал. Бірақ Мурано шынысының технологиясы мен қазіргі фьюзингті бір нәрсе деп қарауға болмайды. Қазіргі түсініктегі фьюзинг технологиясы XX ғасырдың 70-жылдарында нақты техникалық параметрлерінің қалыптасуымен дами бастады.

әшекей
Фото Анна Зирюкинаның жеке мұрағатынан

— Шыныдан жасалған бұйымның авторын оның жұмысынан тануға бола ма?

— Әрине, авторлық қолтаңба болады. Мен осы бағытты көп жылдан бері бақылап жүргендіктен, біреудің жұмысын көргенде оның қалай жасалғанын, техникасын, мықты және әлсіз тұстарын байқай аламын.

Фьюзингте автордың мінезі де көрінеді деп ойлаймын. Шыны адамның психологиясын көрсетеді. Біреу ұсақ-түйек детальдарға қатты мән береді, енді біреуі үлкен көлеммен жұмыс істегенді ұнатады. Бірінің жұмысы жинақы болса, екіншісінікі еркін болуы мүмкін.

— Сіздің шығармашылық бағытыңыз қандай?

— Мен жалпы фьюзингтегі сәнге қатты қызықпаймын. Өзім жаңа нәрсе ойлап табуға тырысамын. Мен үшін негізгі бағыттардың бірі — шыныны басқа материалдармен үйлестіру. Былғары, бағалы металдар және басқа металдармен шыныны араластырып жұмыс істей бастадым. Бұл бағытта өзім үшін жаңа тәсілдер іздедім және бұл салада біріншімін деп айта аламын. Қазір фьюзингтің Тиффани техникасымен үйлесетін жаңа тәсілдерді де үйреніп жүрмін.

әшекей
Фото Анна Зирюкинаның жеке мұрағатынан

— Бүгінде қолдан жасалған бұйымдарға сұраныс бар ма?

— Бұл күрделі мәселе. Мен фьюзингпен айналысқан 15 жыл ішінде сұраныс айтарлықтай артты деп айта алмаймын. Керісінше, кей жағдайда қиындай түсті. Фьюзинг ешқашан жаппай өндірілетін өнім болған емес. Қолдан жасалған бұйымның мәнін бәрі бірдей түсіне бермейді. Кей адамдар «қолдан жасалған болса, дүкендегі тауардан арзан болуы керек» деп ойлайды. Ал шын мәнінде авторлық жұмысқа материал да, уақыт та, тәжірибе де жұмсалады. Сондықтан мен үшін фьюзинг — бизнес емес, қымбат хобби.

— Петропавлда фьюзингпен айналысатын шеберлер көп пе?

— Менің білуімше, Петропавлда кем дегенде төрт шебер бар. Астана мен Алматыда да фьюзингпен айналысатын шеберлер бар. Бірақ мен Петропавлдың бұл бағытта өзіндік орны бар деп ойлаймын. Тіпті әзілдеп «Петропавл — Қазақстандағы фьюзингтің астанасы» деп айтып қоямын.

Анна Зирюкина
Фото Анна Зирюкинаның жеке мұрағатынан

— Осы 15 жыл ішінде ерекше есте қалған жұмысыңыз бар ма?

— Негізі барлық жұмысымды жақсы көремін. Сәтсіз шыққан дүниелердің өзінен сабақ аласың. Бірақ бір қызық оқиға есімде. Жаз мезгілінде Қазақстан Конституция көшесінде бұйымдарымды сатып тұрғанмын. Бір әйелдің мойнындағы кулонға көзім түсті. Қарасам, бұл — өзім көп жыл бұрын жасаған кулон. Ол мені танымайды, бұл бұйымды менің жасағанымды да білмейді. Мен оған: «Кулоныңыз қандай әдемі еді» дедім. Сонда ол: «Иә, оны осыдан он жыл бұрын Астанадан сатып алғанмын», — деді. Мен оған өз жұмысым екенін айтпадым. Бірақ ішімнен қатты қуандым. Автор үшін өз туындысының жылдар өткен соң біреудің мойнында жүргенін көру — ерекше сезім.

Бұған дейін банктегі жұмысты тастап, сүйікті ісін кәсіпке айналдырған Жанар Оразалинова туралы жазған едік.