Шыңжаң шөлінде жаңа энергетикалық база салынады
АСТАНА. KAZINFORM – ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында орналасқан Такламакан шөлінде жаңа ірі энергетикалық база салуды жоспарлап отыр.
Экономикалық басылымдардың материалдарына сүйенсек, Шыңжаңның оңтүстігіндегі Такламакан шөліндегі жаңа энергетикалық базаға жел және күн электр станциялары кіреді.
Жобаға құйылатын инвестиция көлемі – 71,8 млрд юань (шамамен 10,1 млрд доллар).
Жоба жоспарына сәйкес базада 8,5 ГВт күн электр станциясы мен 4 ГВт жел электр станциясы, қуаттылығы бес гигаватт-сағат қосалқы энергия сақтау қоймалары және әрқайсысының қуаты 660 мегаватт алты жылу электр станциясы болады. Құрылыс жұмыстары үш-төрт жылға созылуы ықтимал.
Еске салсақ, осыған дейін Қытайда соңғы екі жылда 20 мыңнан астам балабақша жабылғаны хабарланған.