ШЫҰ әлемдегі ең ірі аймақтық ұйымға айналды — Си Цзиньпин

АСТАНА. KAZINFORM — Тяньцзинь қаласында (Қытай) Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше-мемлекеттер басшылары кеңесінің 25-ші отырысы басталды, деп хабарлайды Kazinform.

Си Цзиньпин
Фото: Синьхуа

— Қазір Шанхай ынтымақтастық ұйымы 26 елдің қатысуымен, 50-ден астам саладағы ынтымақтастық пен жалпы экономикалық көлемі 30 триллион долларға жуықтаған әлемдегі ең ірі аймақтық ұйымға айналды, — деп келтіреді Синхуа Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің сөзін.

ШЫҰ-ның Тяньцзиндегі саммитіне 20-дан астам шет мемлекеттердің басшылары мен 10 халықаралық ұйым басшылары қатысып жатыр.

Шанхай ұйымының саммиті аясында Тяньцзинь қаласында «ШЫҰ+» форматындағы кездесу де өтеді.

Бұған дейін Қытай Сыртқы істер министрлігі Шанхай ынтымақтастық ұйымының Тяньцзинь саммитінде ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясына және басқа да бірқатар құжаттарға қол қойылатынын хабарлаған.

ШЫҰ саммиті 31 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтеді.

Айта кетейік, 2024 жылғы шілдеде ұйымның Астанада өткен саммитінен кейін Қытай ресми түрде ШЫҰ-ға 2024-2025 жылдардағы ротативті төрағалығына кіріскен болатын.

ШЫҰ — 2001 жылы құрылған халықаралық ұйым. Оның құрамына 10 мүше мемлекет, 2 бақылаушы мемлекет және ШЫҰ диалогы бойынша 14 серіктес мемлекет кіреді.

Осыдан бұрын Си Цзиньпин ШЫҰ даму банкін мүмкіндігінше тезірек құруға шақырды.

Соңғы жаңалықтар