ШЫҰ елдері бірлескен инжинирингтік хаб құру ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Райымбек Баталов Шанхай ынтымақтастық ұйымына елдер арасында бірлескен инжинирингтік хаб құруды ұсынды.

ШЫҰ
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

«ШЫҰ мүше елдердің экономикалық ынтымақтастығының қаржылық тетіктерін пысықтауымыз қажет. Былтыр шілдеде Мемлекет басшысы 20 жыл ішінде ШЫҰ қамқорлығымен бірде-бір ірі экономикалық жобаны іске асыру мүмкін болмағанын атап өтті. Жобалық қызметті қаржылық қолдау тетіктерінің болмауы айқын фактор. Осыған байланысты Мемлекет басшысының ШЫҰ өңірлік жобаларына тікелей және портфельдік инвестицияларды ынталандыру платформасы ретінде «Астана» халықаралық қаржы орталығын пайдалана отырып, жеке жоба ретінде ШЫҰ инвестициялық қорын құру туралы бастамасы өзекті болып отыр», - деді Райымбек Баталов елордада өткен ШЫҰ мүше елдер өкілдерінің қатысуымен өткен іскерлік кеңес отырысында. 

 

Осы орайда, кеңес төрағасы энергетика, тау-кен металлургия секторы, туризм, көлік, ауыл шаруашылығы тағы басқа салалардағы перспективалы жобаларға инвестициялар тарту үшін ШЫҰ іскерлік кеңесі инвестициялық қорының жұмыс топтарымен өзара іс-қимылын ұйымдастыруды ұсынды. 

«Сонымен қатар ШЫҰ мүше елдер басшылары 2023 жылы бекіткен 2030 жылға дейінгі ШЫҰ экономикалық даму стратегиясының ережелерін іске асыру мақсатында ШЫҰ іскерлік кеңесінің қызметін жандандыру бойынша Қазақстан бастамашылық ететін құжатты пысықтауды бастауды ұсынамын. Біз мультимодальды және көпфункционалды өнеркәсіптік кластерлер шеңберінде жобаларды іске асыруға жәрдемдесуіміз қажет және ШЫҰ елдерінде ғылым дамуының жоғары деңгейін және техникалық мамандарды даярлау сапасын ескере отырып, бірлескен инжинирингтік хаб құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын», - дейді ол. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы 66 млрд долларға жеткен. 

Сондай-ақ, ШЫҰ елдерінен былтыр Қазақстанға 4,6 млрд АҚШ доллар көлемінде инвестиция тартылған.

Соңғы жаңалықтар