ШЫҰ елдері ғылыми гранттар бағдарламасын іске қосады

Гранты
Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – ШЫҰ-ға мүше елдердің білім және ғылым министрлерінің кездесуінде бөлек қаржыландыру есебінен бірлескен ғылыми гранттар бағдарламасын іске қосуға келісті.

Жыл соңына қарай барлық қажетті құжаттар дайындалып, бірлескен ғылыми зерттеулер үшін алғашқы гранттар жарияланады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті. 

«Үлкен нәтижеге қол жеткізу үшін күш біріктіру керек. Бірнеше күн бұрын біздің Президент «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заңға қол қойды. Кейінірек бұл заң туралы егжей-тегжейлі айтатын боламыз. Біз алғаш рет салықтық преференция тетігін енгізіп отырғанымыз. Енді, жеке өнеркәсіптік ұйым инновацияға инвестиция салса және біздің ғылыми институттармен ынтымақтастықта жұмыс істесе, онда 150%-ға дейін салық арқылы шегерімдер ала алады және оны келесі жылы 300%-ға жеткіземіз. Біздің міндет – ғылымды қажет ететін өнімге инвестиция салу үшін жеке компанияларға тартымды жағдай жасау», - деді Саясат Нұрбек елордада өтіп жатқан «Жоғары білім беру және өндірісті интеграциялау саласындағы ынтымақтастық» атты халықаралық симпозиумда. 

Министрдің мәлімдеуінше, ғылым қорының функциялары қайта қаралады. Қор қарапайым грант берушіден венчурлық функционалмен толығады. Енді қордың міндеті – жеке инвестициялармен, венчурлық қорлармен жұмыс істеу және кепілгер ретінде қызмет ету, сонымен қатар бірлескен венчурлық қорларды құру үшін мемлекеттік мүмкіндікті пайдалану.

«Инвестициялық қаржыландырудың технологиялық принциптерін біз үлкен ғылымға әкелеміз. Әлемде бұл процесс әлдеқашан басталған. Қазір цифрлық өркендеу заманында ауқымды инвесторлар ғылыми жаңашылдықтардың құндылық пен дами түсудің жаңа мүмкіндігі екенін жақсы түсінеді. Жаңа заңда мұндай новеллалар өте көп», – дейді ведомство басшысы. 

Сондай-ақ, С.Нұрбек Қазақстанның ШЫҰ-ға мүше елдермен ынтымақтастықты ілгерілетуге ашық әрі дайын екенін атап өтті. Оның айтуынша, отандық ғылым ашық кеңістікке шығуы тиіс. 

«Қазақстандық ғалымдардың жаңа байланыстар орнатып, тілдерді үйренуі өте маңызды. Қазір ынтымақтастық пен үлкен мүмкіндіктерді пайдалану уақыты. Біз әлемде болып жатқан үлкен инновациялық толқындардан артта қалмауымыз керек», – деп толықтырды Ғылым және жоғары білім министрі. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, еліміздегі ұлттық университеттерде қытай тілін оқытатын кафедралар құрылады

Айта кетейік, Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде Лу Бань шеберханасы ашылатыны туралы жазған едік

Бүгін елордадағы Astana IT университетінде «Жоғары білім беру және өндірісті интеграциялау саласындағы ынтымақтастық» деген атаумен халықаралық симпозиум өтіп жатыр. 

Оған ҚХР Білім министрі Хуай Цзиньпэн, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Жібек жолы университеттері альянсының хатшылығы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Сиань Цзяотун университетінің ректоры Чжан Лицюнь, Астана IT университетінің ректорының міндетін атқарушы Серік Өмірбаев және 20 жоғары оқу орнының ректоры қатысты.

Соңғы жаңалықтар
telegram