ШЫҰ елдерінің жалпы ішкі өнімі әлемдік көрсеткіштерден жоғары
АСТАНА. KAZINFORM — Дүниежүзілік банктің мәліметінше, ШЫҰ елдерінің жалпы ішкі өнімі 2023 жылдың соңында 24,5 трлн доллар немесе әлемдік ЖІӨ-нің 24 пайызын құраған.

Ұлттық инвесторлар қауымдастығы Telegram арнасының мәліметінше, Қытай ЖІӨ-нің негізгі үлесі — әлемдік жалпы ішкі өнімнің 17,79 трлн долларын (16,88%) алады. Одан кейінгі орынға Үндістан (3,55 трлн доллар, 3,37%) жайғасқан. Сондай-ақ, Ресей — $2,02 трлн (1,92%), Иран — $0,4 трлн (0,38%), Пәкістан — $0,34 трлн (0,32%), Қазақстан — $0,26 трлн (0,25%), Өзбекстан — $0,09 трлн (0,09%), Қырғызстан және Тәжікстанның жалпы ішкі өнімі сәйкесінше $0,01 трлн (0,01%) тең келеді.
Осылайша ШЫҰ елдерінің жалпы ішкі өнімі әлем елдерінен әлдеқайда жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын атап өткен жөн. Мысалы, Үндістанда 2023 жылы ЖІӨ өсімі — 7,6%, Қытайда — 5,2%, Қазақстанда — 5,1%, Өзбекстанда — 6%, Қырғызстанда — 6,2.
Әлемдік ЖІӨ-нің орташа қарқыны - 2,7%, ал ЭЫДҰ елдерінде - 1,7% екенін ескерсек, ШЫҰ елдерінің жалпы ішкі өнімі бірден назар аудартады.
Өткен жылы Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы шамамен 66 млрд долларға жеткен. Бұл — бес жыл бұрынғы көрсеткіштен 56,5 пайызға артық.
Қытай шамамен $41 млрд көрсеткішпен (елдің жалпы тауар айналымының 30%-ға жуығы) ШЫҰ елдері арасындағы Қазақстанның ең ірі сауда әріптесі болып қала береді.
Демографиялық статистикаға көз жүгіртсек, ШЫҰ-ға мүше елдерде 3,1 млрд адам немесе планетаның жалпы халқының 42,2 пайызы тұрады. Оның үстіне ШЫҰ елдерін дүние жүзіндегі жұмыс күшінің 1,5 миллиарды (әлемдегі жалпы жұмыс күшінің шамамен 20%) мекен етіп отыр.
Бір қызығы, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің жалпы ауданы 34 млн шаршы шақырымнан асады. Бұл — Еуразия құрлығының 60 пайызынан астам.