ШЫҰ-ға мүше елдердің құзырлы органдары 69 терактінің жолын кесті

Өзбекстан астанасы Ташкентте Шанхай ынтымақтастық ұйымы Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының (ШЫҰ АТҚҚ) тоғызыншы халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

ШЫҰ
Фото: Мәдибек Жәнібеков

Шараға ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерден келген уәкілетті органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Конференцияда баяндама жасаған ШЫҰ АТҚҚ атқару комитетінің директоры Руслан Мирзаев терроризмге қарсы жүргізілген жұмыстардың нәтижесіне тоқталды.

«ШЫҰ елдерінің құзыретті органдары арасындағы үйлесімді жұмыс пен өзара ақпарат алмасу нәтижесінде біздің аймақта террористік ұйымдардың жасырынған 73 топтың және 69 террактінің жолы кесілді. 1 440 террористік, сепаратистік және экстремистік сипаттағы 91 қылмыстың алдын алдық. 507 халықаралық террористік ұйым көшбасшысы анықталды, 447-сі ұсталды, 54-і сотталды, 182-сінің көзі жойылды. 123 шетелдік содыр анықталды, 13 166 қаржыландыру арнасы әшкере болды, террористік және экстремистік мақсаттарда пайдаланылған 5 заңсыз көші-қон арнасы анықталды. Жаһандық желідегі бірлескен күш-жігермен терроризм мен экстремизмді насихаттайтын 25 мыңға жуық ақпараттық ресурстық материалдар бұғатталды», - деп тоқталды Руслан Мирзаев.

ШЫҰ
Фото: Мәдибек Жәнібеков

ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Нұрлан Ермекбаев қазір әлемде болып жатқан әскери-саяси процестердің қауіпі жоғары екенін атап өтті.

«Кейбір заманауи қарулы қақтығыстардың нәтижесі әлемнің геосаяси құрылымын өзгертеді және ол ондаған жылдар бойы сақталады. Мәселен, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының мәліметіне сай, 2017 жылдан бастап азық-түлік қауіпсіздігі жағдайы күрт нашарлады. Егер 2017 жылы әлемнің 46 елінде 155 миллион адам аштықта өмір сүрсе, 2022 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш өсті. Атап айтқанда, 58 елде 258 миллион адам аштық деңгейінде өмір сүріп жатыр. Яғни, жыл сайын азық-түліктің жетіспеушілігі 20%-ға өсіп отыр. Бұған климаттың өзгеруі, экономикалық жағдай мен әскери қақтығыстар әсер етеді», - деді Нұрлан Ермекбаев.

Спикер тауар тасымалдау маршруттарының жабылуы мен өзгеруі инфляцияға, энергия тапшылығына тіпті халықаралық қауіпсіздік мәселелеріне себеп болып отырғанын атап өтті. Осыған байланысты ШЫҰ қауіпсіздіктен бөлек сауда-экономикалық, саяси, инновациялық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы ынтымақтастыққа көңіл аударады.