ШЫҰ-ға мүше елдерде террористік ұйымдардың 280-нен астам ошағы анықталған
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Бүгін Ташкентте Қытайдың төрағалығымен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылым (ШЫҰ ӨТҚҚ) кеңесінің 41-ші отырысы өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Отырысқа Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның құзыретті орган өкілдері мен ШЫҰ ӨТҚҚ Атқарушы комитетінің делегаттары қатысты.
Оның барысында ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы кұрылымының кеңесі 3 қаңтарда Иранның Керман қаласында, 22 наурызда Ресейдегі «Крокус Сити Холл» ғимаратында және 26 наурызда Пәкістанның Хайбер-Пахтунхва провинциясында болған террорлық актілерді қатаң айыптап, мәлімдеме жасады. Тиісінше, қатысушылар лаңкестік әрекеттердің құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.

Отырыс аясында аталған ұйымның кейінгі бірнеше жылда атқарған жұмысының қорытындысы шығарылып, қазіргі таңда туындап жатқан қауіптерге сай күн тәртібіндегі мәселелер қаралды.
«Кейінгі 3 жылда ұйымға мүше мемлекеттердің өкілетті органдары және Өңірлік терроризмге қарсы құрылымның күшімен халықаралық террористік ұйымдардың 280-нен астам ошағы анықталып, олардың жолы кесілді. Сондай-ақ, айналымнан 7,5 мың қару шығарылып, жарылғыш заттар алынды. 225 мың түрлі оқ-дәрілер тәркіленді және терроризм, сепаратизм, экстремизмді насихаттаған 320 мыңнан астам сайт бұғатталды», - деді ШЫҰ ӨТҚҚ Атқарушы комитетінің директоры Руслан Мирзаев.

Отырыста бірқатар құжатқа қол қойылды және Қазақстан ұсынған ШЫҰ-ға мүше елдердің аумағындағы бейбітшілікке қауіп төндіретін жағдайларға қарсы бірлескен іс-қимылдар шарасы бекітілді.
«Қазіргі геосаяси тұрақсыздық біздің бірлестігімізге деген өзге елдердің қызығушылығын арттыра түсті. Ұйым қызметі барысында байқаушы мемлекет мәртебесін алуға - 10, ал диалог бойынша серіктес мәртебесін алуға 20 өтініш келіп түсті. ШЫҰ өз жұмысын алты мүше мемлекетпен бастап, бүгінде 26 елді біріктірген үлкен «отбасыға» айналды. Қазіргі уақытта ұйымға Таяу Шығыс, Солтүстік Африка, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қызығушылығы басым», - деді ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Нұрлан Ермекбаев.
Сонымен қатар, басқосуда алдағы кезеңге арналған жоспарлар талқыланды. Мәселен, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер шекара қызметтерінің «Ынтымақ – 2024» бірлескен шекара операциясын өткізу көзделген.
Отырыс соңында мамандар ШЫҰ ӨТҚҚ-ның кезекті отырысын Қытайда өткізуге уағдаласты.