ШЫҰ кеңістігінде бірыңғай цифрлық валюта енгізіле ме – ұйым Бас хатшысымен сұхбат

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл күзде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 25-отырысы Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтеді. Осыған орай, ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаевқа саммитте мемлекет басшылары қарастыратын мәселелер, жалпы ұйымның қызметі, «үш зұлымдықпен» күрес, ұйым кеңістігінде бірыңғай цифрлық валюта енгізу сынды жайттарға қатысты сауал қойып, сұхбатқа тартқан едік.

Нұрлан Ермекбаев
Фото: Kazinform

- Нұрлан Байұзақұлы, осыған дейін ШЫҰ-ның нәтижелігі мен маңызды оқиғаларға жедел ден қою қабілетін арттыру мақсатында ұйымды жаңғырту қажеттілігін айтқан едіңіз. Сөз жайында болып отыр? ШЫҰ-ның нәтижелігі дегеніміз нақты не өзі және де Қытайдың ұйымға төрағалығы кезінде нақты неге баса назар аударылады?

- 2024 жылғы шілдеде өткен Мемлекет басшылары кеңесінің Астана отырысында ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары оның қызметін жаңғырту туралы шешім қабылдады. Бұл қазіргі уақыттағы хатшылық жұмысының негізгі бағыттарының бірі саналады.

Мемлекет басшылары кеңесінің тапсырмасы бойынша басталған ШЫҰ қызметін жетілдіру үдерісінің мақсаты – ұйым қызметінің тиімділігін арттыру үшін оның құқықтық базасы мен басқару жүйесін жаңғырту. Бұл шаралардың барлығы елдеріміздің халықтарына іс жүзінде пайда әкелетін ынтымақтастықтың нақты нәтижелеріне қол жеткізуге бағытталған.

Сонымен қатар сөз ұйымымызда өтетін көптеген кездесулер, отырыстар, жиындар мен іс-шаралардың тиімділігін арттыруға да қатысты болып отыр. Бұл іс-шаралардың барлығының нәтижелілігін олардың бәрінің процестің өзіне емес, нақты нәтижелерге бағытталғанынан көреміз.

Сондықтан ШЫҰ-ның негізгі атқарушы органының басшысы ретінде жеке менің және хатшылық ұжымының алдында ШЫҰ-ға мүше барлық және әрбір мемлекеттің мүддесі үшін тиімді жұмысты қамтамасыз ету әрі барлық жұмысымызды іс жүзіндегі нәтижелерге жетуге бағыттау міндеті тұр.

Қытай ШЫҰ-ның 2024-2025 жылдардағы төрағасы ретінде төрағалық ұранын «Шанхай рухын ілгерілету: ШЫҰ іс-әрекетте» деп белгілеп, саясат, қауіпсіздік, экономика, сауда, адамдар арасындағы және мәдени алыс-беріс пен институттық құрылыс саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуді мақсат етеді. Қытай тарапы төрағалық мерзімі аяқталғанға дейін ұйымның тетіктері аясында 40-тан астам кездесу мен конференцияларды, сондай-ақ партия аралық алмасу форумын, жаһандық басқару бойынша дөңгелек үстелді, жастар арасында стартаптар мен инновациялар байқауын, сондай-ақ кинофестиваль, телевизиялық фестиваль, өнер фестивалі сынды «ШЫҰ» брендтік іс-шараларын өткізуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар «ШЫҰ-ның тұрақты даму жылы» тақырыптық жобасы іске асырылып жатыр. Оның аясында қытай тарапы жасыл даму, кедейшілікпен күрес, табиғатты қорғау ақпараттарын бірлесіп пайдалану, сондай-ақ жасыл және төмен көміртекті технологиялар салаларында кадрларды даярлау бойынша бірнеше курс өткізді. Басқа мүше мемлекеттер де жыл бойы Қытай төрағалығымен тұрақты даму тақырыбына арналған іс-шараларды жалғастырады.

- ШЫҰ-ның 2024-2029 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясына тоқталсақ. Географиялық қамту және таралу көлемі жағынан героинді әлдеқайда артта қалдырған синтетикалық есірткі жаппай тарап жатыр. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы үйлестіру әдістері өзгерді ме? Ұйымның стратегиясында қандай іс жүзіндегі шаралар қарастырылған?

- Ең алдымен, ШЫҰ аясында 2009 жылы құрылған есірткіге қарсы ведомстволардың арасындағы өзара іс-қимылдың барынша тиімді үш деңгейлі тетігі құрылғанын атап өткім келеді. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің тиісті құзыретті органдары басшыларының жиындары аясында ұйымның есірткіге қарсы саясатын жүзеге асыру мақсатында жыл сайын бірлескен іс-шаралар, зерттеу және ақпараттық науқандар ұйымдастырылады.

ШЫҰ ынтымақтастығының осынау маңызды саласында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 2024-2029 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясы басты құжат саналады. Ол мұқият әзірленгеннен кейін 2024 жылы шілдеде Астана саммитінде қабылданған еді.

Стратегияның негізгі мақсаты – есірткі өндірісінің ауқымын қысқартуға, есірткінің және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына бақылауды күшейтуге, есірткіні теріс пайдалануды болдырмауға, сонымен қатар нашақорлықтың алдын алу тиімділігін арттыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруды жалғастыру.

Бұл құжатта есірткіге қарсы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру бойынша міндеттер мен басымдықтарды ғана айқындау емес, сонымен қатар АКТ-ны пайдалана отырып, есірткінің заңсыз айналымымен және есірткіден түскен кірістерді жылыстатумен күресу әдістері айқындалған.

Атап айтқанда, жаңа психоактивті заттардың таралуына қарсы тұру мақсатында мүше мемлекеттер оларды анықтау технологиялары мен әдістері, сондай-ақ тиісті ғылыми зерттеулердің нәтижелері туралы ақпарат алмасуға келісті. Барлық ықтимал тәсілдермен, оның ішінде онлайн-ресурстар, пошта жөнелтілімдері мен курьерлік қызметтер арқылы жаңа психоактивті заттардың айналымын бақылауды қамтамасыз ету және таралуын болдырмау мақсатында анықтау әрі адам ағзасына кері әсер етуі туралы мәліметтермен, заңнамалық шараларды жетілдіру бойынша ұсыныстармен бөлісуге уағдаласты.

Бұған қоса, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің есірткіге қарсы іс-қимыл жолындағы өзара ықпалдастығы бір орында тұрған жоқ, рет-ретімен дамып, жаңадан пайда болып жатқан есірткі сын-қатерлеріне бейімделіп келеді. Осы тұрғыда 2024 жылы біз келесі іс-шараларды өткіздік немесе оларға қатыстық:

- «ШЫҰ қоғамдастығы» елдері өкілдерінің қатысуымен «Болашақ саммиті – есірткі, қылмыс, сыбайлас жемқорлық және терроризм арасындағы өзара байланыс дамуға сын-қатер ретінде» атты жоғары деңгейдегі ШЫҰ-БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының арнайы 8-ші іс-шарасы. Осындай іс-шараны 2025 жылдың наурыз айында КНС 68-сессиясы аясында ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз;

- «ШЫҰ, ҰҚШҰ және ТМД кеңістігіндегі терроризмді қаржыландыруға, оның ішінде есірткі бизнесінен түсетін кірістер есебінен қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық: дамудың перспективалық нысандары мен бағыттары» тақырыбындағы семинар;

- жыл сайын өтетін есірткіге қарсы «Тұзақ» операциясы және «Есірткісіз әлем үшін» алдын алу іс-шарасы.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің құзырлы органдары 2023-2024 жылдары барлығы 660 тоннадан астам есірткі тәркіледі.

- Қазіргі уақытта НАТО төңірегінде болып жатқан риторика (АҚШ президентінің Еуроодақ елдерінен қорғаныс шығындарын ұлғайтуды талап етуі) аясында ШЫҰ бюджетіне қатысты жағдай қандай? ШЫҰ қызметіне мүше елдер қанша қаражат бөледі?

- Ұйым бюджеті іс-шаралардың қажеттіліктерін ескере отырып, мүше мемлекеттердің міндетті жарналары есебінен қалыптастырылатын хатшылық бюджетінен және Аймақтық терроризмге қарсы құрылымның бюджетінен тұрады.

Нақты сандар – қаржы сарапшыларының айрықша құқығы. Ұйым қызметінің ауқымын және ШЫҰ хатшылығы бюджеті көлемінің қызметкер санына қатынасын ескере отырып, біздің ұйымның бюджеті айтарлықтай үнемді екенін ғана айта аламын.

- ШЫҰ құрылымында банкаралық бірлестік жұмыс істейді. Оның міндеттерінің бірі – бірлестік жобаларын қаржыландыру. Бүгінде қаржы алған нақты жобалар бар ма? Есеп айырысуда қандай валюта қолданылады? Цифрландырудың қарқынды қолданысқа енгізілуін ескере отырып, болашақта цифрлық валюта енгізу қарастырылып жатыр ма?

- ШЫҰ-ның банкаралық бірлестігі үкіметтік емес маңызды тетік саналады. Оны құру туралы келісімге мемлекет басшылары 2005 жылдың қазан айында қол қойды. Банкаралық бірлестікке мүше банктер арасындағы қатынас заңды тұлға құрмай-ақ клубтық негізде жүргізіледі.

Өткен 20 жылдың ішінде ШЫҰ банкаралық бірлестігі ұйым кеңістігінде өзара тиімді байланыстарды нығайтуда және қаржылық алмасуды кеңейтуде сындарлы рөл атқарды. Мүше мемлекеттердің банк институттары банкаралық бірлестік платформасының артықшылықтарын пайдалана отырып, жобаларды өзара қаржыландыру мәселелерімен белсенді жұмыс істейді. Қазақстан Даму банкі құрылтайшы банктердің бірі және банкаралық бірлестік процесінің ең белсенді қатысушысы саналады.

Ұйым аясындағы бірлескен жұмыс кезеңінде, ең алдымен кадрларды оқыту және тәжірибе алмасу саласында бірқатар бастама жүзеге асырылды. Мәселен, қазіргі төраға – Қытай Даму банкі осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп, ұйым қатысушылары үшін мүше мемлекеттерді несиелендірудің басым бағыттары бойынша оқыту курстарын, тренингтер мен семинарларды үнемі ұйымдастырып отырады. Дәл осындай жұмыстарды банкаралық бірлестікке мүше өзге банктер де жүргізіп жатыр.

Банкаралық бірлестік жұмысында жауапты қаржыландыру және корпоративтік басқару саласындағы озық тәжірибелерді алмасуға ерекше назар аударылады. Осы мақсатта өткен жылы Қазақстан тарапының бастамасымен ШЫҰ банкаралық бірлестігіне мүше банктер арасында ESG-қаржыландыру аясындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Бірыңғай цифрлық валютаға келетін болсақ, бұл мәселені ШЫҰ ресми түрде қарастырмайды және мұндай міндет қазіргі күн тәртібімізде жоқ. Сонымен қатар ұйым өзара есеп айырысуда ұлттық валюталарға, оның ішінде заманауи цифрлық қаржылық технологияларды қолдану арқылы пайдалануды кеңейтуге басымдық береді. 2022 жылдан бастап өзара есеп айырысуда ұлттық валюталардың үлесін кезең-кезеңімен арттыру бойынша мемлекет басшылары бекіткен ШЫҰ-ның жол картасы жүзеге асырылып жатыр. Тиісті жұмыс мүше мемлекеттердің орталық банктері мен Қаржы министрліктерінің өкілдерінен тұратын арнайы құрылған сараптамалық топ аясында жүргізіледі.

Бұған қоса, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер өздерінің ұлттық цифрлық валюталарын белсенді түрде ілгерілетіп отыр. Қытай, Ресей, Үндістан, Қазақстан және Иранды қоса алғанда бірқатар ел өздерінің ұлттық валюталарының цифрлық нұсқаларын енгізуге кірісті немесе сынақтан өткізе бастады. Бұл бастамалар төлем жүйелерін жаңғыртуға және трансшекаралық аударымдардың тиімділігін арттыруға бағытталған.

- Қазіргі уақытта екі маңызды іс-шараға – ШЫҰ Сыртқы істер министрлерінің және ШЫҰ елдері мемлекет басшыларының отырысын өткізуге дайындық жүріп жатыр. Күн тәртібіне қандай мәселелерді қосу жоспарланғанын айта аласыз ба? Биыл ШЫҰ елдері көшбасшыларының назары неге аударылмақ?

- Биыл күзде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 25-отырысы Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтеді. Мүше мемлекеттердің көшбасшылары ұйым қызметінің барлық спектрі бойынша көпжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларына назар аудара отырып, қазіргі заманғы мәселелер жиынтығын және ең өзекті халықаралық әрі аймақтық сұрақтарды талқылайды деп күтеміз.

Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, атап айтқанда терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге, сондай-ақ сын-тегеуріндер мен қатерлердің басқа да түрлеріне қарсы күреске басымдық беріледі. Сондай-ақ тараптар инвестиция, көлік және басқа да салалардағы өзара іс-қимылды кеңейту бойынша нақты шараларды зерделей отырып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты ілгерілету, жөнінде пікір алмасады. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та назардан тыс қалмақ емес. Мүше мемлекеттердің көшбасшылары жасанды интеллект, климаттың өзгеруі, спорт сияқты салалардағы өзара іс-қимылдың жай-күйі мен келешегін егжей-тегжейлі талдайды.

Соңғы жылдары ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары ұйымды жаңғыртуға баса мән беріп келеді. Тяньцзинь саммитінде тараптар ШЫҰ қызметін жетілдіру үдерісін одан әрі ілгерілететініне және ұйым ынтымақтастығында тәжірибелік нәтижелерге қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін жаңа тиімді шаралар әзірлейтініне күмәнім жоқ.

Әдетте, Мемлекет басшылары кеңесіне тыңғылықты дайындық жұмыстарын жүргізу үшін саммит қарсаңында Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтеді. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы саясат ведомствосының басшылары саммитте бекітуге ұсынылатын құжаттарды қарайды. Қазіргі уақытта тараптар Сыртқы істер министрлер кеңесінің барлық ұйымдастырушылық және мазмұндық мәселелері бойынша тығыз байланыста.

Жоғары және жоғарғы деңгейдегі іс-шаралар өтетін уақытқа дейін ШЫҰ-ның қазіргі төрағасы Қытай саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы іс-шаралардың (100-ден астам) барлық бағдарламасын ұйымдастырып қойған болады. Сондықтан, жоғарыда аталған кездесулер барысында біз төрағалық етуші тараптың «ШЫҰ қоғамдастығы» елдерінің қатысуымен өткізген іс-шараларының нәтижелері бойынша пікір алмасамыз. Бұл болашақта мазмұнды және тәжірибелік ынтымақтастыққа ықпал етері сөзсіз.

Хатшылық Сыртқы істер министрлері кеңесі мен Мемлекет басшылары кеңесінің отырыстарын дайындау мен өткізуге барынша белсенді қатысады. Дәстүрлі түрде хатшылық жұмысының есебін және ұйымның өткен жылдағы қызметі және оның даму келешегі туралы Бас хатшының есебін ұсынамыз.

Бұл кездесулерге ШЫҰ Бас хатшысы ретінде алғаш рет қатысамын. Бұл – мен үшін зор құрмет пен жауапкершілік. Сондықтан сөзімді барлық мүше мемлекетке маған көрсеткен сенімдері үшін және осы лауазымға кандидатурамды қолдағаны үшін алғыс білдіруден бастаймын.

Айта кетейік, жақында ШЫҰ Аймақтық антитеррорлық құрылымының 2030 жылға дейінгі жоспары мақұлданды.

Соңғы жаңалықтар