ШЫҰ – өркениет жаршысы: Сарапшылар ұйым жұмысын қалай бағалайды

ШЫҰ басқосу
Фото: Kazinform

Астанада «Шанхай ынтымастастық ұйымы елдері арасындағы өркениеттер диалогы» атты басқосу өтті. Әлемнің оннан астам елінен келген түрлі саланың сарапшылары ұйымның саяси-экономикалық, мәдени тұрғыда дамуын талдап, атқарған істеріне баға берді. Еуразия материгінің 65 пайыздан астам аумағын алып жатқан ШЫҰ әлемдік аренада да ықпалды ұйымдардың бірі саналады. Сонымен, жиында қандай ойлар айтылып, сарапшылар ұйым болашағы жөнінде не айтқанын шолып көрейік.

Кейінгі жылдары ШЫҰ-ға мүше болуды көздеген елдердің қатары артып отыр. Осының өзі - жемісті істердің көрінісі. Бұл жайында жиын басында сөз алған ШЫҰ бас хатшысының орынбасары Сохаил Хан баяндады.

– Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер бір-бірінің мәдениетін жете түсінеді, барлық қарым-қатынас достық сенімге негізделген. Соның арқасында ұйымның ықпалы алдағы уақытта да арта беруі мүмкін. Себебі осы күні ұйымға Беларусь пен Африка құрлығындағы көптеген елдердің қызығушылығы туып отыр. Яғни, өркениеттер жиынтығын құрай алдық. Алдағы уақытта біз жаһандық мәселелерге зер салуымыз қажет, – деді ол.

Өз кезегінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекетаралық байланыстардың нығаюына мүдделі екендерін жеткізді. Бұл мақсатқа олар түрлі мәдени шараларды ұйымдастыру арқылы атсалысып келеді. Аталған ведомствоға қарасты Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сабит Барлыбаев мәдени байланыстар дами беретініне сенім білдірді.

– Әлемдік өркениттер көшіне ілесе отырып, біз адамзаттың құндылықтарын сақтай аламыз. Қазір ұйымға мүше елдер арасында тарихтан бастау алған белсенді мәдени байланыстар бар. Осы секілді ауқымды басқосулар достығымызды айшықтап, әрі қарай жалғасын таба беруіне ықпал ететініне сенімдіміз, – деп түйіндеді сөзін.

Ал Өзбекстан СІМ жанындағы Халықаралық қатынастарды ақпараттық-талдау орталығының директоры Санжар Валиев саяси қарым-қатынастарда түсіністіктің артуына ашық диалог алаңдары көмектесетінін алға тартты.

– ШЫҰ ортақ түсіністікке, құндылықтарды бағалауға негізделген. Қазір ұйым қауіпсіздік саласында да жемісті еңбек етуде. Толеранттылық көрсетіп, әр халықтың сеніміне құрметпен қарау үшін осы секілді ашық диалог алаңдары көп болғаны жөн, – деп толықтырды.

Басқосуға халықаралық қор ұйымдарының өкілдері қонақ ретінде шақырылды. Соның бірі – «Роза Отынбаеваның бастамасы» халықаралық қоғамдық қорының атқарушы директоры Роза Кайыкова. Оның сөзінше, ШЫҰ елдерінің басым бағытының бірі ретінде гуманитарлық қызмет қамтылуы қажет.

– Елдер арасындағы байланысты нығайтып, халықаралық саясаттағы позитивті климатты ұстап тұру үшін гуманитарлық көмек қызметін жетілдіре түсуіміз қажет. Мейлі, ол көмек қаржылай бола ма, қандай сипатта болса да маңызды. Гуманитарлық қызмет – ұйымның ортақ құндылығына айнала алады. Себебі әлемнің әр түкпірінде қиын жағдайға душар болған мемлекеттер бар. Оларды қолдаған дұрыс, бұл – білім мен мәдени байланыстарда үлкен рөл ойнайды, – дейді ол.

Жиын барысында Қазақстанның әдеби һәм мәдени тарихы жайлы пікір айтушы шетелдіктер кездесті. Әсіресе, үндістандық «Оңтүстік Азия жаңа форумының» негізін қалаушы Судхиндра Кулкарнидың ойы өзгелерден ерекшеленді. Сарапшының айтуынша, елдер арасындағы достық пен түсіністік артуы үшін әр ұлтты адамзат деңгейіне танытқан тұлғаларды дәріптеуіміз тиіс. «Бұл тұста қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылығы көпке үлгі бола алады» деп түйіндеді ол.

Қазақстандық сарапшылар да басқосудан тыс қалған жоқ. ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Әлия Мұсабекованың құнды пікірі шетелдік сарапшылардың көңілінен шыққанын аңғардық.

– ШЫҰ-ның жаһандық қауіпсіздік мәселесіндегі әріптестігін жақсы бағалауға болады. Мемлекеттер бір-бірімен мәдени байланыстар орната алды. Сондықтан ұйымды сәтті құрылды деп атауымызға негіз бар. Әйтсе де ұйым бұнымен шектелмей, көптеген мәселелерге зер салуы керегін жасырмаймыз. Әскери қақтығыстар көбейген тұста, елдер оның алдын алу жайын ойлағаны абзал. Әр мемлекеттің бұл тұрғыда тәжірибесі жетерлік. Ұйымның масштабы өте үлкен екенін алға тарта отырып, түрлі қылмыс тәуекелдерін жоюды қолға алғанымыз абзал. Алайда ең бастысы, аталған бағыттағы жұмыстарды ортақ қауіпсіздігімізді ескеріп, елдер бір-біріне қауіп төндірмей атқарғаны дұрыс, – деп толықтырды маман.

ШЫҰ Қытай мәдениеті
Фото: Kazinform

 

Шара кезінде Қытайдан келген өкілдер өздерінің мәдениетін айшықтайтын шағын көрмелерін ұсынып, қонақтарға ұлттық сусын мен тағамдарынан дәм татқызды. Сондай-ақ иероглифтардан тұратын тарихы терең қытай жазуының ерекшеліктері айтылды.

Соңғы жаңалықтар