ШЫҰ саммиті: Әлемдік саясатта Азияның ықпалы күшейіп жатыр ма?
АСТАНА. KAZINFORM – Қазір жаһандық саясат күн сайын өзгеріп жатыр. Бұған дейін әлемде батыс саясаты үстемдік құрып келсе, қазір Азияның ықпалы да күшейе түскені байқалады. Оған дәлел – Шанхай Ынтымақтастық ұйымының 25-ші мерейтойлық саммитінің таң қаларлық кең ауқымда өтуі. Бұл ұйым ендігі көпполярлы бағыт ұстануда. Яғни, күш бір емес, бірнеше мемлекеттің қолында. Сонымен, ШЫҰ-ның кезекті саммиті әлемде енді Азияның да ықпалы күшейе түскенін көрсете ме? Jibek Joly телеарнасының «Жаһан жайы» бағдарламасы осы сауалға жауап іздеді.

Әлем халқының 1/3-ін қамтыған ұйым
Жалпы, ШЫҰ-ның негізі 2001 жылы қаланды. Бастапқыда құрамына Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей – 5 мемлекет ғана кірген, оны Шанхай бестігі деп атайтын. Басты мақсаты – мүше мемлекеттер арасындағы шекара мәселелерін шешу ғана болатын. Уақыт өте келе ұйымның әлеуеті едәуір артып, жаңа логистикалық бағыттар мен аймақтық байланыстың, экономикалық әріптестіктің алаңына айналды. Бүгінде ол әлем экономикасының ірі ойыншыларын бір арнаға тоғыстырған, терроризм, экстремизм, сепаратизмге қарсы күресте күш жұмылдырып отырған беделді бірлестік.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының 25-ші саммиті ұйым тарихындағы ең ірі саммит болды. Алғаш рет ауқымды декларация қабылданды. Бұл -халықаралық институттың келіссөздер деңгейінен нақты іс-әрекетке көшкенінің айғағы. Тяньцзинь декларациясының мазмұны – жеке үстемдікке емес, халықаралық заңға негізделген, БҰҰ-ның орталық рөлін мойындаған көпполярлы әлем орнату. Құжаттағы ең маңызды шешімдердің бірі ретінде Даму банкі құрылатын болды.

Қытай басшысы Си Цзиньпинь бұл бастаманы көптен бері ұсынып жүрген болатын. Ұйымға мүше мемлекеттер ортақ валюта бекітілу ықтималдығынан сақтанып, жылдар бойы бұл идеяға келіспей келген еді. Бұл жолы әр мемлекеттің өз валютасын сақтау ережесі қабылданды. Әлемдік сарапшылар декларацияға қазіргі заманға сай икемделген стратегиялық құжат деген баға берді.
– БҰҰ болсын, Еуропадағы қауіпсіздік ұйымы болсын – реформаны талап етіп жатыр. Неге? Өйткені халықаралық деңгейдегі ұйымдар халықаралық кейбір мәселелерде көбінесе нақты шешімге келмей отыр. Сондықтан шығыстық деңгейде ШЫҰ арқылы Қытайдың беріп отырған басты месседжы – біз консенсус арқылы бірлесе отырып, мәселелерді шешуге мүмкіндігіміз бар деген ой. БҰҰ-да ұлы державалар, мысалы, 5 мемлекет отыр, бесеуінің де вето құқығы бар. Кез келген мәселелерге вето қойып тастауға болады. Одан кейін екінші бір мәселе ШЫҰ қазір әлемнің 1/3 бөлігі халқы тұратын, экономикалық әлеуеті зор ұйымға айналып келеді. Сондықтан бұл ұйым шын мәнінде халықаралық деңгейдегі ұйымға айналатын болса, бұл ұйымның даусы да, мәні де зор болатыны сөзсіз, – деді саясаттанушы Қазбек Майгелдинов.
– Шанхай даму банкінің кеңсесі Шанхайда емес. Мысалы, бізде Астана хабы мен Халықаралық қаржы орталығы бар. Ол жерде қандай да бір келіспеушіліктер болып жатса, ағылшын заңы бойынша барлық келісімдер қарастырылады. Осы тұрғыда Президент Қытай басшысының ұсынысына қосымша ұсыныс ретінде «Қазақстанда ашайық» деді. Біз бірнеше жолдың торабында тұрмыз. Инвесторларды тартуда Қазақстан алаңы тұрақты екенін дәлелдеп қойған. Сондықтан бұл банк Қытайдың ұсынысымен, бірақ Қазақстан аумағында ашылатын секілді, – дейді Қазбек Майгелдинов.
ШЫҰ-ның былтырғы 24-ші саммитінде Астана декларациясы қабылданған болатын. Осы Астана декларациясының бір қарары ШЫҰ-ға кіретін мемлекеттер арасындағы цифрлық алшақтықты азайту болды. Басты мақсат – ШЫҰ-ға 10 мемлекет кірсе, осы 10 мемлекеттің даму деңгейі бірдей болуы керек. Әсіресе, цифрлық даму жағынан.
Қазақстанды Қытайдан басқа 8 мемлекетпен салыстырар болсақ, әлеуеті жоғары. Қазір елдегі цифрлық даму барлық салаларға енген. Ендігі үлкен бір қауіп – киберқауіпсіздікпен күрес.
Қазақстанның шекара бекеттерін жаңғырту басты назарда
Жалпы транзиттік әлеует мәселесі Қазақстанның басты стратегиялық бағытына жатады. Орта дәлізді дамыту жайы стратегиялық құжатқа енген. Мұндай стратегиялық құжат Орталық Азияның бірде бір мемлекетінде жоқ деп айтуға болады.

– Президент өзінің кез келген бастамаларында, баяндамаларында Транскаспий дәлізін модернизациялауға, жаңа порттарды ашуға назар аударады. Өйткені біз транзиттен ғана пайда таппаймыз, біз жалпы хабқа айналуымыз керек. Мысалы, электронды коммерцияда Карго орталықтар көбіне Қытайда болып жатса, біз де өзімізге Карго орталық ашайық. Енді Қытай Оңтүстік дәлізге басымдық беріп отыр. Оңтүстік дәлізге Орталық Азия мемлекеттері де қосылады. Олар Үндістан, Пәкістан арқылы, Ауғанстан арқылы Таяу Шығысқа шығуға мүмкіндік жасайды.
Қазір осы әртараптандыруды мейлінше өзіміз үшін пайдалы етуіміз керек. Біз Орта дәлізге сол Солтүстік пен Оңтүстік дәліздің де мүмкіндігін қосуымыз керек. Егер Орта дәлізімізді Оңтүстік дәлізбен қосатын болсақ, Парсы шығанағына, Таяу Шығысқа баратын дәлізді ашуға мүмкіндік аламыз. Сондықтан біз үшін ең бастысы – дәліздерді өз мүмкіндігімізге қарай пайдалану, – деді саясаттанушы Қазбек Майгелдинов.
Қазақстан мен Қытайға ортақ келісімдер көбейді
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен қазақ-қытай қатынасы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келеді. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 44 миллиард долларға жетті. Ал Қазақстанға Қытай тарапынан салынған инвестиция мөлшері 27 млрд долларға жетті. Қазақстанның негізгі инвесторларының тізімінде Қытай үшінші орында. Оның алдындағы екі мемлекет Нидерланды мен БАӘ.
Осы жолғы Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті аясында Қазақстан мен Қытай арасында 15 млрд долларды құрайтын 70-тен астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Айта кету керек, Тяньзиньге барған 22 мемлекеттің басшыларының арасынан Си Цзиньпинь 3 президентті ғана алғашқы күні кешкі асқа шақырды. Олар - Ресей, Үндістан және Қазақстан басшылары. Сарапшылар ресми Бейжің аймақта кімнің салмағы басым екенін осылай көрсетті дейді.
Климаттық өзгерістерге байланысты ШЫҰ аясында елордада су мәселесін зерттейтін орталық құру керек екені айтылды. ЖИ бойынша тұрақты сарапшылар форумын ұйымдастыру және оның алғашқы жиынын Астанада өткізу ұсынылды. Астана халықаралық қаржы орталығы базасында перспективті инвестициялық жобаларды сүйемелдейтін ШЫҰ Кеңсесін құру идеясы да ортаға салынды. Қытайдағы ШЫҰ зерттеулер орталығының бас хатшысы Чэнь Юйжунның сөзінше, Қазақстан - ұйымдағы белсенді ойыншы.

– Қазақстан сыртқы елдермен сындарлы саясат жүргізеді. Ұйымның беделін көтеру, оның құрамындағы елдердің өзара ықпалдастығына үлкен үлес қосып келеді. Географиялық орналасуы, логистикалық әлеуеті тек Қазақстанға ғана емес, өзге де елдерге үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Жалпы, Қытай мен Қазақстан достық қарым-қатынастың арқасында сенімді серіктеске айналғанын айтқан жөн, – деді сарапшы.
ШЫҰ+ форматында өткен саммитте Қазақстан Президенті әріптестерінің назарын Каспий теңізінің мәселесіне аударды. «Қазір әрекет етпесек, жағдай экологиялық апатқа ұласады» деді. Сонымен қатар, Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалаудың қажеттігілігін атап өтті. Өйткені ұйымға көп елдің «өкпесі қара қазандай». Тіпті, алдағы уақытта құрылымға деген сенім мүлдем жоғалуы мүмкін деген болжам бар. Жиынға БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриштің де қатысқанын айта кету керек.
Қос держава басшысы қалай бас қосты?
Шанхай ынтымақтастық ұйымының 25-ші саммиті бірнеше тосынсыймен есте қалды. Соның бірі және негізгісі – Қытай мен Үндістан қарым-қатынасының жақсаруы. Әлем басылымдары осыны жарыса жазды. Азияның екі алыбының арасындағы араздық әу баста неден туындап еді?
Әдеттегідей шекара дауы. Сондай-ақ Пәкістан мен Үндістан арасындағы қақтығыста Қытайдың Пәкістанға қолдау білдіруі бар. Бірақ енді АҚШ-тың тарифтік саясатынан зардап шегіп жатқан Үндістан Қытаймен арасын түзеуді ұйғарды. Си Цзиньпин бұл оқиғаны «Піл мен айдаһардың бірге билейтін уақыты келді» деп сипаттады. Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінің нәтижесі бойынша ендігі Үндістанның позициясы қандай болады?
Халықаралық қатынастар бойынша профессор Икболжон Корабоевтың айтуынша, мұны Азиядағы екі ірі держава арасындағы бәсекелестікті басқаруға арналған қадам деп атауға болады.

– ШЫҰ саммитінде біз Си Цзиньпин мен Нарендра Моди арасындағы өте жылы қарым-қатынастың куәсі болдық. Сонымен қатар Үндістанның жаһандық Оңтүстік елдерімен де жақсы байланыс орнатқаны байқалды. Мынадай сұрақ туады: әлемнің екі ірі елінің бұл қарым-қатынасы ұзақ мерзімге сақтала ма, әлде бұл уақытша құбылыс па?
Негізі Қытай мен Үндістан арасындағы қатынастар Тяньцзиньдегі саммитке дейін де жақсара бастаған. Мәселен, Қытай мен Үндістан арасындағы шекара мәселесіне қатысты келісімдер, сондай-ақ 2024 жылы Қазан қаласында өткен БРИКС саммитінде екі ел көшбасшыларының бес жылдан кейін алғаш рет өткен кездесуі. Бұдан бөлек, Қытайдың Сыртқы істер министрінің Үндістанға сапары да осы әріптестіктің белгісі. Бұған екі елдің экономикалық тұрғыда бір-біріне тәуелді болуы себеп. Алайда Қытай мен Үндістан арасында әлі де шешімін таппаған маңызды мәселелер бар. Саяси келіспеушіліктер, аумақтық даулар және қауіпсіздік пен стратегиялық сипаттағы алаңдаушылықтар. Осы факторлар екі елдің өзара дипломатиялық саясатын әлі де сақтықпен жүргізуге мәжбүр етеді, – деді ол.
Қытай мен Үндістан – Азиядағы ірі державалар ғана емес, сонымен қатар ірі сауда серіктестер. Жақында екі ел арасындағы сауда айналымы рекордтық көрсеткішке жетті. Екіжақты сауда көлемі шамамен 130 миллиард долларды құраған. Бұл Қытайды Үндістанның екінші ірі сауда әріптесіне айналдырды. Үндістанның нөмір бірінші сауда серіктесі – АҚШ. 2024 жылы Үндістан мен АҚШ арасындағы екіжақты сауда көлемі 210 миллиард доллардан асқан.

Алайда АҚШ-пен саудада Үндістанның 45 миллиард доллардан астам профициті бар, яғни, осынша ақшаға тауарды артық экспорттаған. Ал Қытаймен саудада Үндістан экспортында керісінше дефицит байқалады. 130 миллиард доллар көлеміндегі сауданың басым бөлігі, тіпті, абсолюттік бөлігі Қытайдың Үндістанға жасайтын экспортына тиесілі. Сондықтан Үндістан жергілікті өндірісті қорғау шараларын қабылдауға мүдделі болып отыр.
Мысалы, «Make in India» бағдарламасы бар. Бұл бағдарлама шетелдік компанияларды өз тауарларын Үндістан аумағында өндіруге ынталандырады. Сарапшылардың айтуынша, қазірдің өзінде 100-ден астам қытайлық компания өндірісін Үндістанға көшіруде. Сонымен қатар, Үндістан жоғары технологиялар сияқты стратегиялық маңызды салалардағы инвестицияларды қауіпсіздендіру және шектеу шараларын да қолға алды. Мысалы, Қытай 5G технологиялары саласында жаһандық көшбасшы болып, белсенді экспорттық стратегия жүргізіп отыр. Бірақ Үндістан бұл мәселеге алаңдаулы және технологиялар трансфертіне белгілі бір шектеулер қойып отыр.
Қалай алғанда да әлем қазір геосаяси дауыл жағдайында тұр. Осындай кезеңде ынтымақтастық пен өзара тиімді диалог алаңына айналған өңірлік ұйымдардың маңызы арта түспек. Әсіресе, атауының өзінде «қауіпсіздік» ұғымы бекітілген Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы секілді халықаралық институттардың рөлі айрықша. Тең құқықты әрі мықты өңірлік ынтымақтастық алаңдары БҰҰ-ны жаңа реформаға бастауға тиіс.