Шивелуч жанартауы оянды: Камчаткада авиациялық қауіптің қызғылт сары коды енгізілді

АСТАНА. KAZINFORM — Камчаткада Шивелуч жанартауының күл шашуына байланысты авиациялық қауіптің қызғылт сары коды жарияланды, деп хабарлайды Синьхуа.

Камчаткадағы жер сілкінісінен кейін жанартаулар атқылай бастады
Фото: wikipedia.org

Камчаткада жанартаудан күлдің төрт шақырым биіктікке көтерілу қаупіне байланысты авиациялық қауіптің қызғылт сары коды жарияланды. Бұл туралы Ресей ғылым академиясы Қиыр Шығыс бөлімшесінің Вулканология және сейсмология институтының Камчаткадағы жанартау атқылауына әрекет ету тобына сілтеме жасап, РИА Новости хабарлады.

Хабарламада айтылғандай, бейсенбі күні жергілікті уақытпен таңғы сағат 09:30 шамасында Шивелуч жанартауы атқылап, төрт шақырым биіктікке дейін күл көтерілген. Күл шлейфі жанартаудан батысқа қарай 40 шақырымға созылған. Осыған байланысты Шивелуч жанартауы үшін авиациялық қауіптің қызғылт сары коды белгіленді.

Шивелуч жанартауы Ключи елді мекенінен 50 шақырым солтүстікте және Петропавловск-Камчатский қаласынан 450 шақырым қашықтықта орналасқан. Жанартаудың белсенділігіне мониторинг жүргізіліп жатыр.

Камчатка өлкесі бойынша Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, күл шлейфі түбектің ішкі бөлігіне, оңтүстік-батыс бағытта таралып жатыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Камчаткада 1952 жылдан бергі ең күшті жер сілкінісі тіркелді. Түрлі деректерге сәйкес, зілзаланың магнитудасы 8,7-ге жеткен.

Камчаткадағы жер сілкінісінен кейін Ключевская Сопка жанартауы атқылай бастағаны белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар