ДДҰ: әлемде шамамен 24 миллион адам шизофрениямен өмір сүреді
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада «Стереотиптерсіз психикалық денсаулық: Шизофрения туралы нені білу керек?» деген тақырыпта дөңгелек үстел отырысы өтті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, әлемде шамамен 24 миллион адам шизофрениямен өмір сүреді екен. Бұл әрбір 300 адамның бірі, ал ересектер арасында — әрбір 222 адамның бірі (0,45%). Қазақстанда бұл диагнозбен шамамен 40 мың адам өмір сүріп жатыр.
Ауру, әдетте, 20-29 жас аралығында байқалады және адамның өмір сапасына, қарым-қатынасына, әлеуметтік бейімделуіне едәуір әсер етеді. Дәрігерлердің айтуынша, шизофрения белгілері алғаш байқалғаннан кейін науқастар психиатриялық көмекке орта есеппен 10-15 жылдан кейін ғана жүгінеді. Бұл — диагноздан қорқу, «тіркеуге қою» туралы мифтер мен қоғамдық айыптаудан туындаған үрей салдарынан болса керек.

— Gedeon Richter KZ» ЖШС орталық жүйке жүйесі ауруларын емдеуге арналған терапия саласындағы зерттеулер мен әзірлемелерді қолдайды. Біз ақпараттандыруды қабылдау мен көмектің алғашқы қадамы деп санаймыз. Ағартушылық жұмыстар жүргізіп, сарапшылар қауымдастығына демеу көрсетеміз, шизофренияға қатысты стереотиптермен күресеміз. Тиімді ем, психоәлеуметтік қолдау және жақындарының қатысуы — пациенттің бейімделуі мен өмір сапасын арттыруда шешуші рөл атқарады, — деді «Гедеон Рихтер Қазақстан» компаниясының бас директоры Павел Хегай.
Диагноздың ауырлығына қарамастан, уақытылы диагноз қойылып, дұрыс емделген жағдайда, науқастардың кемінде үштен бірі тұрақты ремиссияға қол жеткізіп, толыққанды өмір сүре алады.
Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Алтынай Есқалиеваның айтуынша, Қазақстанда шизофрения диагнозы 39 373 адамға қойылған.
— Шизофрения — күрделі, бірақ басқаруға болатын дерт. Ерте анықтау мен уақтылы ем ауруды бақылауға алуға, пациенттің өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Терапия негізін антипсихотикалық дәрілер құрайды. Сонымен қатар когнитивті-бихевиоральды терапия, психоәлеуметтік қолдау, жұмысқа орналасуға және еңбек қызметін сақтауға жәрдемдесу, бейімделу тренингтері, отбасы мүшелерінің емге қатысуы тиімді екенін көрсетті. Қоғам тарапынан қолдаумен түсіністік — науқастың әлеуметтік бейімделуінде аса маңызды, — деді ол.
Пациенттер Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығынан және еліміздің 20 аймағындағы өңірлік орталықтардан кәсіби көмек ала алады.
— Кейде адамдар диагноздан, аурудың өзінен де қатты қорқады. Кейбірі мамандардың кез келген көмегінен мүлде бас тартады. Мұндай жағдайда стигмадан туындаған қорқыныш өмірге қауіп төндіруі мүмкін, — деді дөңгелек үстел отырысы барысында Дүниежүзілік психиатриялық қауымдастықтың Шығыс Еуропа елдеріндегі (10-аймақ) өкілі, жоғары санатты психиатр-дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Николай Негай.
Мұндай қоғамдық реакцияның бір себебі — аурудың себебі мен сол сәттегі жағдайы, заманауи емдеу тәсілдері мен пациенттердің құқықтары туралы ақпараттың аздығы.
— Бүгінде дұрыс таңдалған терапиямен, оның ішінде үшінші буынның заманауи антипсихотиктері арқылы науқастардың үштен бірі тұрақты ремиссияға жете алады. Бұл дәрілер симптомдарды басып қана қоймай, когнитивтік және әлеуметтік функцияларды қалпына келтіруге де көмектеседі. Диагноз көбіне аурудың кеш сатысында қойылатынын ескерсек, инновациялық терапияның қолжетімділігін қамтамасыз ету және оны мемлекеттік бағдарламаларға енгізу — адамгершілік пен қоғамның денсаулығына ұзақ мерзімді инвестиция деп білген жөн, — дейді Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас психиатры Елена Полиенко.
Шизофрения және оның терапиясы туралы қоғамның ақпараттану деңгейінің төмен екенін 200 қазақстандықтың қатысуымен жүргізілген анонимді сауалнама нәтижелері де көрсетіп отыр. Зерттеу нәтижелері дөңгелек үстел отырысы аясында ұсынылды. Сауалнамаға қатысқандардың 52,8 пайызы шизофрения туралы естігенімен, нақты мәлімет білмейтінін айтты.
Өткен жылы шизофрения туралы қазақ тілінде кітап жарық көрді.
Кітап электронды нұсқада қолжетімді. Көлемі шағын, түсінікті тілмен жазылған және жарқын суреттермен толтырылған, ол аурудың ағымының барлық ерекшелігін нақты түсіндіреді. Емдеудің ең қолайлы нұсқасын қалай таңдау керектігі, онымен күресу туралы баяндалған. Кітап авторлары — тәжірибелі психотерапевтер мен психиатрлар Питер Фалькай, Янош Кальман, Фидес София Хеймкес, Золтан Сарканы.