Ішкі ағзалардың ауруы соқырлыққа әкелуі мүмкін – офтальмолог

Ішкі ағзалар
Фото: Ә.Ғанимұратқызының жеке мұрағатынан

Көз аурулары – бүгінде жиі кездесетін сырқаттың бірі. Оның ішінде алыстан жән жақыннан нашар көру, іштен туа бітті аурулар белең алып отыр. Сондай-ақ көз ауруларының пайда болуына механикалық, яғни әртүрлі жарақаттар алу, физикалық, химиялық факторлар әсер етеді. Бұл туралы Kazinform тілшісіне офтальмология саласында 20 жылдық тәжірибесі бар офтальмолог, бірінші санатты дәрігер, офтальмолог-хирург, Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық ауруханасының офтальмология кызметінің аға дәрігері Әлия Ғанимұратқызы айтты. 

– 11 қараша – Офтальмологтар күні құтты болсын!

– Рақмет. Көз дәрігері – офтальмолог болу үшін тек біліктілік қана емес, байыптылық пен мейірімділік қажет. Сондықтан медицинаның осы саласында аянбай еңбек етіп жатқан барша офтальмологтарды шын жүректен құттықтаймын! 

Ішкі ағзалар
Фото: Ә.Ғанимұратқызының жеке мұрағатынан

– Орталық қалалық клиникалық ауруханасының офтальмология қызметі туралы айтып беріңізші?

– Бөлімше шұғыл түскен және жоспарлы науқастарды емдеумен айналысады. Пациенттер толық көлемді жалпы клиникалық және көз зерттеулерінен өтеді. Жалпы, жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсетіледі. Катарактаны жою (катаракта факоэмульсификациясы және жасанды көз қарағын ауыстырып қондырумен катарактаның тунелді экстракциясы), көз жанарының сублюксациясы кезінде қапшық ішіндегі шығыршықты енгізумен жасанды көз қарағын ауыстырып қондырумен катарактаның тунелді экстракциясы, катаракта факоэмульсификациясы, глаукома кезіндегі қысымды төмендететін операция, энуклеакция, эвисцерация, эвисцероэнуклеакция отасы, антибиотиктерді интравитреальды енгізу, көздің алдыңғы қиығына реконструктивті операциясы жүргізіледі. Көз алмасының терең жарасын жіті өңдеу (көз жарасын бірінші хирургиялық өңдеу қабылдау бөлімінде жүргізіледі). Сондай-ақ шұғыл пациенттерге ем-дом шарасын жүргіземіз. Мысалы, көз түбінің тамырлы патологиясы (ишемия, тромбоз, көздің ішкі тор қабығы тамырының бітелуі, гемофтальм) мен қабынба ауруын (жабылуы, эндофтальмит) емдейміз.

– Шетелдік әріптестеріңізбен тәжірбие алмасасыздар ма?

– Әлбетте, медицинасы дамыған, оның ішінде офтальмология саласы бойынша алдыңғы қатардағы елдермен тығыз қарым- қатынастамыз. Шеберлік сыныптары жиі өтіп түрады. Соңғы технологияны енгізіп, заманауи құрал- жабдықпен жұмыс істейміз. 

Ішкі ағзалар
Фото: Ә.Ғанимұратқызының жеке мұрағатынан

– Әлия Ғанимұратқызы, көз ауруының қанша түрі бар және оның қай түрі жиі кездеседі?

– Көз ауруларының түрі өте көп, нақты санын айта алмаймын. Жиі кездесетін түрлеріне келер болсақ, басыр, бленнорея, катаракта, коньюктивит, көзге ақ түсу, лейкома – көздің қасаң қабығының ауруы. Бұл көбінесе жарақаттанудан, қабынудан, көзге шыққан түрлі жарадан болады. Қызылша, шешек, туберкулез ауруларының асқынуынан қасаң қабақта ақ дақ пайда болып, ол кейде беріштеніп бітуі мүмкін. Мұның салдарынан көздің көруіне нұқсан келеді. Көздің көруі қасаң қабықтың қай жеріне ақ түскеніне, оның көлеміне байланысты. Егер ақ қарашыққа түссе, адам көрмей қалады. Көзге түскен ақ дәрі-дәрмекке жазылмаса, оған хирургиялық операция жасалады. Ішкі ағзалардың ауруы да көз ауруларына алып келеді. Тіпті, соқыр болып қалуы мүмкін. Аурудың пайда болуына мехникалық әртүрлі жарақаттар алу, физикалық шаң-тозаң, физикалық-химиялық ультракүлгін, инфрақызыл сәулелер де әсер етеді.

– Қазір көз ауруы жасарып кетті. Оған не себеп деп ойлайсыз?

– Өкінішке қарай, цифрлық және компьютерлік технологиялардың өсуімен көз аурулары мен көру қабілетінің бұзылуының саны тура пропорционалды түрде артып келеді. Бүгінде көптеген адамдар компьютермен жұмыс істейді, ал кейбіреулері тіпті күндіз-түні алдында отырады. Соның салдарынан көз шаншып, қызарып ауырады. Компьютерлік көру синдромы деген термин бар. Ол компьютерде ұзақ уақыт жұмыс істейтін адамдарда кезігетін көрудің арнайы ауытқуы (астенопия). Ал астенопия – көру қызметіне ұзақ уақыт ауыртпалық түсуіне байланысты болатын функциональды өзгеріс. Бұл кезде көз ашу, түйнеу, қызару, көрудің бұлыңғырлануы сияқты жағымсыз сезімдер пайда болады. Мәселен, мониторда бейнелер түзу сызық емес, микроскопиялық нүктелер түрінде беріледі. Бұл көзге әсер етеді. Экраннан шашыраған жарық көзге өте зиян, мидың және көздің шаршауына әкеліп соқтырады. Ұялы телефонның да осындай кері әсері бар. Сондықтан балаларға оны шектеу керек, кешкі уақытта мүлдем ұстатпаған абзал. Кішкентай экранға ұзақ үңілу баланың көру қабілетіне кері әсер етуі әбден мүмкін. Көру деңгейі нашарлауының негізгі белгілерін атап өтейін. Олар қол таңбасындағы әріптердің едәуір іріленіп әрі нашар жазыла бастауы. Дәптерге қатты иілуі және теледидар көрген уақытта алыстан емес, экранға жақын келіп, көзін сығырайта қарауы. Егер осы жайтты балалаңыздан байқасаңыз, дәрігерге қаралуға кеңес беремін. 

Ішкі ағзалар
Фото: Ә.Ғанимұратқызының жеке мұрағатынан

– Адам көзін қаншалықты жиі тексертіп тұруы керек? 

Ішкі ағзалар
Фото: Ә.Ғанимұратқызының жеке мұрағатынан

– Жас кезінде көру қабілетінен зардап шекпейтін адамға 3-5 жыл сайын көзді тексеруден өту ұсынылады. 40 жастан 65 жасқа дейін скрининг әр 2-4 жыл сайын қажет. 65 жастан асқан адамдарға жылына бір рет көзін тексертіп тұрған жөн. Осы тұста айта кететін жәйт, офтальмолог – кез келген аурудың белгілерін пайда болу сатысында дер кезінде анықтауға мүмкіндік беретін кең білім қоры мен дағдылары бар жалпы дәрігер. Дер кезінде анықталған ауру және хирургиялық емдеу көптеген жылдар бойы көздің денсаулығын ұзартады. Осыған байланысты тамаша көрудің кілті офтальмологтың тұрақты тексеруі екенін есте ұстаған жөн. 

Ішкі ағзалар
Фото: Ә.Ғанимұратқызының жеке мұрағатынан

– Айтыңызшы, көзілдірік киіп жүру көз ауруларын тоқтата ала ма?

– Жанарыңыздың көруі нашарлағанда дәрігер кеңес берсе, дереу көзілдірік киген дұрыс. Көзілдірікті дер кезінде кию, дұрыс таңдап алу оның бірқалыпты көруіне жәрдемдеседі. Ескерте кетейін, қазір көзілдірік қолжетімді. Яғни, көшеде, базарда, сауда үйлерінде сатады. Оның сапасына әлбетте ешкім жауап бермейді. Сапасы төмен көзілдірік жанарға кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан кез келген жерден сатып алмаған абзал. Көзілдірікті дәрігердің рецепті бойынша ғана алып, тағу керек.

– Көзілдірік пен линзаның айырмашылығы неде?

– Көбінесе көзілдірікті тек жақсы көру үшін ғана емес, көзді емдеу, көруді түзету әдісі ретінде тағуға кеңес беріледі. Алдымен көру қабілетінің жыл сайын үздіксіз төмендеуін тоқтатып, жақыннан көргіштікті тұрақтандырып барып көзілдіріктен құтылудың жолдарын қарастыра беруге болады. Егер жақыннан көргіштік тоқтаса және үш жыл бойы үдеп, асқынбаса, лазермен емдеу арқылы көру жағдайын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік бар. Линзаның да тиімді тұстары жеткілікті. Ол ыңғайлы және жанарды талдырмайды, көзілдірікке қарағанда айналаны анығырақ көрсетеді. 

Ішкі ағзалар
Фото: Ә.Ғанимұратқызының жеке мұрағатынан

– Көз ауруларының белгілері қандай?

– Қабақтың ісінуі, көзде ауырсынудың, қышудың пайда болуы, дақтар, көру өрісіндегі бөгде сызықтар, қараңғы бөлмелерде көзді бейімдеу қиынға түсу, көздің анық көруіне кедергі келтіретін перденің пайда болуы.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Соңғы жаңалықтар