Ішкі аудиттің цифрлық трансформациясы: бірыңғай экожүйе құрылады
АСТАНА. KAZINFORM – Енді орталық мемлекеттік органдардың 26 және жергілікті атқарушы органдардың 20 ішкі аудит қызметі осы цифрлық жүйеге дербес қол жеткізіп, аудиторлық іс-шараларды сапалық тұрғыдан жаңа деңгейде — ашық, жедел және нәтижеге бағытталған форматта ұйымдастыру мүмкіндігіне ие болды.

Цифрландырудың жол картасын іске асыру аясында ішкі мемлекеттік аудит саласында жүйелі өзгерістер жалғасып жатыр.
Басты қадамдардың бірі — Ішкі мемлекеттік аудит комитеті мен оның аумақтық департаменттері сәтті қолданып келе жатқан электрондық аудиттің функционалын кеңейту.
Ішкі аудит қызметтерінің ведомстволық ақпараттық жүйелер мен дерекқорларға қолжетімділігі ескерілсе, электрондық аудит олар үшін ерекше тиімді және икемді құралға айналмақ.
— Біз жай ғана жаңа технология енгізіп жатқан жоқпыз — біз ішкі мемлекеттік аудиттің бірыңғай цифрлық экожүйесін қалыптастырып жатырмыз. Бұл — ішкі аудитті тек бақылау құралы ғана емес, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға бағытталған нақты тетікке айналдыру жолындағы маңызды қадам, — деді Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Оразбай.
Айта кетелік елімізде ғимарат, құрылыс және инженерлік коммуникацияларды цифрландыру деңгейі өсті.