Ішкі нарықты қамтамасыз еткеннен кейін ғана экспортқа шығарылатын шикізат түрлері кеңейтіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі нарықты қамтамасыз еткеннен кейін ғана экспортқа шығарылатын шикізат түрлері кеңейтіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты.

Ішкі нарықты қамтамасыз еткеннен кейін ғана экспортқа шығарылатын шикізат түрлері кеңейтіледі
Фото: Валерий Бугаев

— Жаңа өндірістерді қолдауда мемлекеттік даму институттарының рөлі зор. 2022 жылдан бастап, жеңілдетілген несиемен 116 жоба қаржыландырылды. Бұл мақсатқа бюджеттен 500 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, ол нарықтан тартылған қаражатпен микшерлеу арқылы 700 млрд теңгеге дейін артты. Нәтижесінде радиаторлар, автокомпоненттер, шұлық бұйымдары, лак-бояу және геосинтетикалық материалдар өндірістері іске қосылды, — деді ол.

Министр ішкі өңдеуді дамытуға ықпал ететін тиімді шаралардың бірі кәсіпорындарға шикізатты жеңілдікпен ұсыну екенін айтты.

— Ірі өндірушілер алдымен ішкі нарықты шикізатпен қамтамасыз етіп, содан кейін ғана экспортқа лицензия алады. Қазірде бұл механизм мыс, алюминий және мырыш металдарына қолданылып жатыр. Жеңілдік мөлшері өңдеу деңгейіне байланысты: дайын өнім үшін — 5, ал аралық өнім үшін — 1 пайыз, — деді Ерсайын Нағаспаев.

Оның айтуынша, тетік енгізілген сәттен бастап 30 келісім жасалып, аталған металдар өңдеу көлемі артып отыр.

— Мәселен, жыл соңына дейін мыс өңдеу көлемін — 40, алюминийді — 20, мырышты 25 пайызға арттыру жоспарлануда. Сонымен қатар, қазір басқа салалар бойынша да шикізат түрлерін кеңейту пысықталып жатыр, — деді ол.

Айта кетейік, Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібін дамыту және цифрландыру мәселесі қаралып жатыр.

Соңғы жаңалықтар