Ішкі нарықты қамтуда мәселе туындаса, картоп экспортына тыйым саламыз — Жұманғарин

АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі нарықты қамтамасыз етуде мәселе туындаса, картоп экспортына тыйым саламыз. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.

Отандық картоп өсірушілер неге сыртқа телміреді
Фото: Kazinform

Оны дерегінше, биыл елімізде 2,9 млн тонна картоп жиналды. Бұл Үкімет болжаған көлемнен әлде қайда көп.

— Бір адамға 100 келі тұтыну нормасымен есептесек, бізге шамамен 2-2,1 млн тонна қажет. Экспорт 500 мың тоннадан асқан кезде сыртқа шығаруды тежей бастайтындығымызды бірнеше рет айттық. Өйткені, көрші елдерде картоп бағасы әлде қайда жоғары және бұл біздің бәсекелестік басымдымығыз. Қазіргі уақытта картоп өсірушілеріміз экспорт есебіен табыс тауып жатыр әрі біз оларға бөгет болмаймыз. Дегенмен, ішкі нарықты қамтамасыз ету мәселесі туындаған жағдайда, 500-600 мың тоннасын сатқаннан кейін экспортқа тыйым салатын шығармыз немесе квота белгілерміз, — деді вице-премьер БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның айтуынша, сауда шараларын қолдану туралы мәселе сыртқы сауда қызметі жөніндегі ведомствоаралық комиссия қарауына шығарылған.

Сондай-ақ ол картоп бағасы бір айда 4,5 пайызға қымбаттап, 180 теңгеге жеткенін және бұл жоғары өсім еместігін атап өтті.

— Біз 300 тонна картоп экспорттадық. 200 тоннаға келісімшарт бар. Бірақ, әлі экспортқа шығарылған жоқ. Сондықтан да біз алдын алу шараларын дер уақытында қабылдаймыз, — деді Серік Жұманғарин.

Таяуда Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов биыл елімізде 3 млн тоннаға жуық картоп жиналғанын және тапшылық болмайтынын айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар