Ішкі саясаттағы шаруаның бәрін жүйелейтін біртұтас тұжырымдамалық құжат керек - Президент

БУРАБАЙ. KAZINFORM – Кәсіпкерлер де ономастика мәселесіне жауапкершілікпен қарағаны жөн. Бұл туралы Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

 Ішкі саясаттағы шаруаның бәрін жүйелейтін біртұтас тұжырымдамалық құжат керек - Президент
Фото: Ақорда

- Жекеменшік нысандарға атау бергенде де жүгенсіздік болмауы керек. Кейде қала көшелерінде айтуға ыңғайсыз атауы бар тақтайшалар ілулі тұрады. Креатив деген, әрине, жақсы, бірақ қоғамдық тәртіп және әдеп нормаларын сақтау керек. Сондықтан кәсіпкерлердің де ономастика мәселесіне жауапкершілікпен қарағаны жөн, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, қазір депутаттар ономастика комиссиясының келісімімен ғана жеке нысанды адам атымен атауға рұқсат беретін түзетулерді қарап жатыр.

- Бұл – дұрыс шешім. Ономастика саласын, мемлекеттік және мекемелік марапаттар жүйесін жетілдіру, жасампаздық құндылықтарын дәріптеу, әлеуметтік кеселдерді жою, азаматтық қоғамды дамыту – мұның бәрі ауқымды идеологиялық жұмыстың ажырамас бөлігі. Сондықтан ішкі саясаттағы шаруаның бәрін жүйелейтін біртұтас тұжырымдамалық құжат керек деген пікірмен келісемін. Ұлттық құрылтай мүшелері – Еділ Жаңбыршин, Айдос Сарым, Никита Шаталов, Гүлмира Илеуова, Андрей Чеботарев, Данияр Әшімбаев, Марат Шибұтов және басқа да азаматтар осындай ұсыныс айтты. Олар өз бастамасын іске асырып, ішкі саясат тұжырымдамасының жобасын да әзірледі. Мемлекеттік органдар бұл жобаны жан-жақты зерделеп, барлық мәселені пысықтауы қажет. Құжатта құзырлы органдар мен мүдделі тараптардың қызметі бір арнаға тоғысуы керек. Онда мемлекеттік идеология жұмысының мақсат-міндеттері мен басымдықтары нақты белгіленуге тиіс, - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзіне қарағанда, тұжырымдамада халқымыздың бірегей болмысын, өмір салтын сипаттайтын жалпыұлттық құндылықтар мен негізгі нышандар айқын көрсетілуі керек. Бұл, ең алдымен, осы құндылықтар мен нышандарды қоғамда орнықтыру, оларды кеңінен дәріптеу және қорғау үшін қажет.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент қоғамда қызу талқыланып жатқан салық реформасына қатысты пікірін айтты.

Соңғы жаңалықтар