Ішкі саясаттың жаңа тұжырымдамасы: халықты ұйыстыратын негізгі құндылықтар айқындалады
АСТАНА. KAZINFORM – Жақын арада Сенатта Салық және Құрылыс кодекстері, Банктер туралы жаңа заң талқыланады. Бұл туралы бүгін елордада Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті.

- Реформалардың жаңа кезеңінің тағы бір маңызды бағыты – қоғамды ортақ мүддеге жұмылдыру, жалпыұлттық құндылықтар жүйесін орнықтыру және халықтың бірлігін нығайту. Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Президентіміз ішкі саясаттың жаңа Тұжырымдамасын пысықтауды тапсырды. Бұл тұжырымдамалық құжатта бірегейлікті арттыратын және халықты ұйыстыратын негізгі құндылықтар айқындалуға тиіс. Президентіміз Әділетті Қазақстан құру үшін дұрыс құндылықтар жүйесі мен саяси мәдениет қалыптастыру қажет екенін, сол жолда қажырлы еңбек ету керектігін айтты. Сол себепті, Құрылтай отырысында белгіленген басымдықтарды іске асыруға белсенді қатысу – бәріміздің ортақ міндетіміз. Бұл жерде де мәслихаттар үлкен рөл атқарады деп ойлаймыз, - деді М. Әшімбаев Сенат жанындағы мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысында.
Оның пайымынша, осы ретте әр депутат Мемлекет басшысы айтқан «Адал азамат» идеалдары – жауапкершілік, адалдық, әділдік сияқты құндылықтардың жаршысы болуы қажет. Жалпы, Президент реформаларының жаңа кезеңін іске асыруда жергілікті билік органдарына ерекше миссия жүктеледі.
- Мемлекет басшысының тапсырмасымен Парламент экономикалық саясаттың жаңа үлгісін және мемлекеттік басқару жүйесін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс жүргізіп келеді. Сенат осы іске мәслихаттарды тартып, олардың заң шығару жұмысына қатысуына үлкен мән беріп отыр. Мәселен, жаңа Бюджет кодексін қарау кезінде 90-ға жуық түзету енгізілді. Олардың айтарлықтай бөлігі өңірлердің бастамалары екенін айта кеткен жөн. Жақын арада Сенатта Салық және Құрылыс кодекстері, Банктер туралы жаңа заң талқыланады. Осы заңдарды қарауға да мәслихат депутаттарын жұмылдырамыз, - деді Сенат спикері.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елордада Сенат жанындағы мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.
Биыл наурыз айында өткен Ұлттық құрылтай отырысында Президент ішкі саясаттағы шаруаның бәрін жүйелейтін біртұтас тұжырымдамалық құжат керек екенін айтты.