Ішкі істер министрлігі «Ғасыр» оқыту орталығы жөнінде пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM – «Ғасыр» оқу орталығының алаяқтық әрекеттеріне байланысты полицияға ұжымдық шағым түсті, деп хабарлайды Kazinform ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

Тергеу барысында анықталғандай, азаматтар шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге дайындық курстарына жазылып, келісімшартқа қол қойып, толықтай төлем жасаған. Алайда оқу процесі мүлде басталмаған, көрсетілуі тиіс білім беру қызметтері ұсынылмаған.
− Азаматтардың ұжымдық өтініші негізінде ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында оқыту орталығында білім алу үшін төлем жасаған азаматтардың уәде етілген оқу қызметтерін алмағаны анықталды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, − деп жазылған Ішкі істер министрлігінің Телеграм-арнасында.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Астана қалалық ПД басшылығының бақылауында.
Кеше елордалық ата-аналардың Gasyr Foundation білім беру орталығына жаппай шағымданғанын хабарлаған едік. Елдегі білім беру орталықтары мемлекеттік органдардың бақылауынан тыс қалып отыр.