ШҚО әкімі қала көшелерін ескі жарнамалардан тазартуды тапсырды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемен және Семей қалаларының орталық көшелері көмескі әрі қазіргі заманның талабына сай келмейтін жарнамалық баннерлерден тазартылатын болады. Бүгінгі әкімдіктің кеңейтілген отырысында ШҚО әкімі Даниал Ахметов осындай тапсырма берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ШҚО әкімі қала көшелерін ескі жарнамалардан тазартуды тапсырды

Түсі оңып кеткен, жыртылған, мәтіні ескірген жарнамалық баннерлер Өскемен және Семей қалаларының көшелерінен тазартылатын болды.

Аймақ басшысының айтуынша, мұндай жарнамалар қаланың эстетикалық көркін бұзып, автокөліктер қозғалысына кедергі келтіреді.

«Біздің көшелеріміз жүзім сабақтарына ұқсайды, әртүрлі әрі қазіргі заман талаптарына сай келмейтін жарнамалар жағалай орналасқан. Астана және Алматы қалаларында көше жарнамаларына әлдеқашан тазарту жүргізілген, сол жұмысты біз өз өңірімізде жалғастырамыз», - деді Даниал Ахметов.

Бүгінгі таңда облыста 1600-ден астам металл құрылғылар орнатылып, олардың бір пайызы бос тұрады. 80 пайызы әлеуметтік-саяси бағыттағы баннерлерді қамтыса, 19 - коммерциялық жарнамалар.