ШҚО әкімі: полицейлер Отан алдындағы парызын абыроймен орындауда (ФОТО)

Өңір басшысы ШҚО ІІД қызметкерлеріне тиімді жұмысы, қала көшелеріндегі тәртіп, қызметтік міндеттерін орындау кезіндегі кәсібилігі мен ерлігі үшін алғыс білдірді.
«Отанымызға адал қызмет еткендерің үшін шын жүректен алғыс білдіремін. Елдің тыныштығын қорғап жүрсіңдер. Елге тәртіп, тыныштық, қауіпсіздік керек. Сендерді елге деген адалдықтарың, Президент тапсырмаларын мүлтіксіз орындағандарың үшін құрмет тұтамыз. Ардагерлерге жас ұрпаққа үлгі бола білгені үшін алғысымыз шексіз , Қазақстандық полиция күні құтты болсын!, - деген тілегін білдірді Д. Ахметов. - Бізде ұрпақ сабақтастығы бар. Өткенде Ақтөбедегі оқиғада ІІД қызметкерлері алдыңғы ұстанымда келе жатқанын, Отан алдындағы борышын абыроймен, адал орындайтынын көрсетті».
Республика тәуелсіздігінің 25 жылында ШҚО ІІО 41 қызметкері қызметтік міндетін орындау барысында қаза тапты. Олардың 11-і батырлықпен көз жұмды. Көпшілігі қайтыс болғаннан кейінгі мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Қаза тапқан қызметкерлер отбасына ІІД тарапынан материалдық және басқа да көмектер көрсетіледі.
Ішкі істер органының қаза тапқан қызметкерлерінің жесірлеріне сөз арнаған Д. Ахметов: «Отанына қызмет етіп жүріп, жанын қиғандардың ерлігін мәңгі ұмытпаймыз», - деді.