ШҚО ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт ғимараты апатты жағдайда тұр

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысындағы Қараөткел ауылындағы ФАП әбден тозған. Тұрғындар мәселені талай көтергендерімен одан еш нәтиже шықпай келе жатқанына қынжылатындарын жеткізді.

ШҚО-дағы Қараөткел ауылында фельдшерлік акушерлік пункт тозып тұр
Коллаж: Kazinform

Қараөткел ауылы Самар ауданындағы Аққала ауылдық округінің құрамына кіреді. 30-дан астам үй бар. Аудан орталығынан 60 шақырым жерде орналасқан. Мұндағы халықты толғандырып тұрған негізгі мәселе — жөндеу көрмей келе жатқан фельдшерлік-акушерлік пункт.

— Бұл туралы талайдан бері айтып келеміз. Алайда нәтиже жоқ. ФАП-тың әбден сиқы кетіп тұр. Қабырғалары мен төбесі опырылып құлап жатыр, едені толған тесік. Іші шіри бастағандықтан, жағымсыз иіс қолқаңды қабады. Әкімдіктегілер үнемі жыл сайын «Келесі жылы жөндеп береміз» деп сендіріп алады да келесі жыл болғанда «Оған ақша бөлінбеді» деп шығарып салады. Мұнда маман да жетіспейді, дәрігер жоқ. Тек санитар ғана бар, — дейді аты-жөнін жарияламауды сұраған ауыл тұрғыны.

Осы мәселеге қатысты жуықта Өскемендегі баспасөз мәслихатына келген Самар ауданы әкімінің орынбасары Қайдар Сұрашевтен сұрадық. Ол өз жауабын бұл елді мекеннің назарсыз қалмағанынан бастады.

— Биыл Қараөткел ауылында біршама жоба іске асырылды. Атап айтқанда, екі көше толықтай жарықтандырылды. Ауылдық клубқа мердігер компания тарапынан ағымдағы жөндеу жүргізілді. Бірақ жұмыс аяқталған жоқ. Техникалық шешім шығарылған соң ары қарай шаралар қабылданады. Қараөткелдегі фельдшерлік-акушерлік пунктке Самар ауылынан медбикелер іссапар түрінде барып, тұрғындарға қызмет көрсетіп жүр. ФАП-тың күрделі жөндеуді қажет ететіні рас. Осыны реттеу үшін болашақта бірнеше жоспарымыз бар. Әзірге нақты қандай шешім шығарылатынын айтуға ертелеу, — деді Қайдар Сұрашев.

Ал Самар аудандық ауруханасынан сәл толығырақ мағлұмат алу мүмкін болды.

— Қараөткел ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт ғимараты апатты жағдайда тұр. Осы ауылдағы клубта жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін ФАП сонда орналастырылады деп күтілуде. Сонымен қатар, медициналық пунктте дәрігер штаты қарастырылмағанын хабарлаймыз. Ал фельдшер, медициналық мейірбике штаты бар. Оған жұмысқа адам керектігі туралы кадрларды басқару қызметі тұрақты түрде Enbek.kz сайтына хабарлама беріп тұрады. Десе де әлі күнге дейін ешкім құлшыныс танытпады, — делінген ақпаратта.

Демек, расыменде келесі жылы мәселе шешімін тауып қалуы мүмкін. Тек клубтағы жөндеу жұмыстары сағызша созылып кетпесе игі. Халықтың да қорқынышы сол.

Еске салсақ, биыл қараша айында өскемендіктер № 1 емхананың тозып тұрғанына шағымданған болатын. 

Соңғы жаңалықтар