ШҚО аумағының тең жартысы әлі де қар астында жатыр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы аумағының тең жартысында әлі де қар жатыр.

Қазіргі уақытта облыста су тасқынының бірінші толқыны аяқталуда. Алайда таулы жерлерде қар әлі қалың. Бүгінде жалпы өңір аумағының 50%-дан астамында қар жатыр.
Ауа температурасының жоғарылауы мен жауын-шашынның мол болу мүмкіндігін ескере отырып, сәуір айының ортасына қарай су тасқынының екінші толқыны күтілуде. Бұқтырма, Үлбі, Үбе, Тұрғысын, Күршім, Қалжыр жәнеХамир өзендерінде су деңгейі көтерілуі ықтимал.
«Су тасқыны жағдайын бақылау үшін тұрақты түрде аэровизуалдық тексерулер жүргізілуде. 132 гидротехникалық құрылыс штаттық режимде жұмыс істеуде. Бөгеттерде судың деңгейі алдын ала төмендетілген. Қызыл судың және өзендерде мұз кептелісінің өтуіне мониторинг күшейтілді. Су тасқыны учаскелерін барлау жалғасуда», - деп хабарлады ШҚО әкімінің баспасөз қызметінен.
Облыста жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеуде. Күштер мен құралдар әзір тұр.