ШҚО-да 1 қыркүйекте 100 мыңға жуық бала мектепке барады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысындағы 347 мектепке жаңа оқу жылын 99 мың бала бастайды.

Оның ішіндегі 8664 бала 1-сыныпқа қабылданған. Бұл туралы ШҚО Білім басқармасынан мәлім етті.
— «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде 3000 орынға арналған жеті мектеп салынып жатыр. Бүгінде 6 мектеп пайдалануға беріліп, 1 қыркүйектен ашылады. Сонымен қатар Білім инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен Зайсан қаласында және облыстық бюджет қаражаты есебінен Алтай ауданы Жаңа Бұқтырма кентінде жаңа мектеп салынды, — делінген ақпаратта.
«1300 мектепті реновациялау» жобасы аясында облыста 2027 жылға дейін 21 мектепті жаңарту жоспарланған. Биыл бес мектепте, атап айтқанда Шемонаиха ауданындағы А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп, Самар ауданындағы № 1 Самар орта мектебі, Өскемен қаласындағы Л. Н. Гумилев атындағы № 38 гимназия, Тарбағатай ауданындағы Қойған орта мектебі және Риддер қаласындағы № 14 орта мектепке жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда 50 мектепті жыл соңына дейін жаңғырту көзделген.
— Жалпы білім беретін мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында биыл химия, физика, биология, STEM және робототехника бағытындағы 40 пәндік кабинет жабдықталады. 103 білім ордасында 4,5 мың оқушыны мектепке тасымалдау ұйымдастырылған. Ол үшін 127 мектеп автобусы тартылған, — делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО Білім басқармасына жаңа басшы тағайындалғаны хабарланған.