ШҚО-да 100-ден аса көлік қар құрсауында қалып қойған
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде ауа райы күрт нашарлады. Бүгін Шығыс Қазақстан облысының полициясы 100-ден астам көлікті қар құрсауынан алып шықты.

Шығыс Қазақстан облысында соққан күшті жел мен қарлы боран ауа райының күрт нашарлауына әкелді. Дауыл салдарынан Алтай-Өскемен автожолы және басқа да облыстық маңызы бар барлық трассалар жабылды.
— 100-ден астам көлік жолда қалып, табиғат апатына тап болды. Құқық қорғаушылар барлық жүргізушілер мен жолаушыларды эвакуациялап, қауіпсіз аймақтарға жеткізді. Зардап шеккендер жоқ, — делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары тұрғындарды 112 қызметінен келетін SMS хабарламаларды мұқият қадағалап отыруды сұрайды. Азаматтарға ауа райы тұрақталғанға дейін жолға шықпауға кеңес беріледі.
Бұған дейін «Алматы-Өскемен» автожолының бір бөлігінде жол жабылғанын хабарладық.