Жекеге өтіп кеткен ШҚТУ технопаркі мемлекетке қайтарылды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өңірде техникалық сала мамандарын (құрылысшылардан тау-кен металлургтеріне, химиктер мен бағдарламашыларға дейін) даярлайтын, 60 жылдық тарихы бар (1968 жылы құрылған) мемлекеттік «Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті» КЕАҚ-ЖОО қызметін атқарады.

2008 жылы университет жанынан «Алтай «Шығыс Қазақстан өңірлік технопаркі» ЖШС құрылды, оның миссиясы — инновацияларды дамытудың жаңа бағыттарын әзірлеу және енгізу.
Технопарктегі қатысушылардың үлесін сатып алу және иеліктен шығару бойынша бірқатар мәміленің нәтижесінде олардың құрамы өзгерді.
Мемлекет активтерін бәсекелестік ортаға беру заңдылығын талдау арқылы университет мүлкін жарғылық капиталдағы үлестермен айла-шарғы жасау арқылы жеке субъектіге беру белгілері анықталды.
— Алдын ала тұжырымдар Технопарк қызметіндегі прокурорлық тексеру барысында расталды, атап айтқанда: 1,5 млрд астам сомаға мүліктік залал келтіру (университет үлесін азайту, сондай-ақ қаражатты алу жолымен), құны 1,4 млрд мемлекеттік мүлікті заңсыз кепілге салу, жосықсыз тең құрылтайшы тарапынан салықтық жеңілдіктерді заңсыз қолдану фактілері анықталды, — делінген ШҚО прокуратурасы хабарламасында.
Тексеру нәтижелері бойынша университеттің атына қадағалау актісі енгізілді, оны орындау шеңберінде мемлекеттік университет кепіл шарттарының, сондай-ақ жарғылық капитал үлесін азайту туралы жиналыстың хаттамаларының күшін жою туралы талап арыз берді.
Прокурорлар сотқа мүдделі тұлға ретінде қатысты.
— Сот талқылауларының нәтижелері бойынша мемлекеттік мүліктен барлық ауыртпалық алынып тасталды, университетке үшінші тұлғаға заңсыз берілген Технопарктегі қатысу үлесінің құны 535 млн 78,48%-ы қайтарылды және Технопарктің жосықсыз тең құрылтайшы алдындағы 1,6 млрд сомасындағы берешегі жойылды, — делінген хабарламада.
Тексеру материалдары бойынша ШҚО бойынша Экономикалық тергеу департаменті ҚК 195-бабы бойынша (алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен мүліктік залал келтіру) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Тергеу жүргізіліп жатыр.
Осылайша, технопарктегі қатысу үлесінің 100%-ы мемлекетке қайтарылды, мүлік ауыртпалықтан толығымен босатылды.
Айта кетелік үш жылда 1 триллион теңгеден астам қаржы қайтарылған еді.