ШҚО-да 3 есе көбейіп кеткен суқұзғындар балық популяциясына қауіп төндіру мүмкін

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданында суқұзғындар тым көбейіп кетті. 

суқұзғын
Фото: Орман шаруашылығы комитеті

Марқакөл қорығының қызметкерлері үш күн бойы көл акваториясында суқұзғындардың есебін жүргізді. Соның нәтижесінде осындай құс саны 3 мыңнан асып кеткені анықталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есе көп.

— Бұл күндері ауа райы бұлтты әрі желді болды. Қорық қызметкерлері қорық айлағынан моторлы қайықпен шығып, көлдің айналасындағы бүкіл жағалауды бойлай жүріп өтті. Суқұзғындар аралдарда, өзендер мен көлдердің жағасында және сулы-батпақты жерлерде мекендейді. Марқакөлде бірнеше жылдан бері қаздың көлеміндей үлкен суқұзғындар өмір сүріп келеді. Түсі күлгін-жасыл, тұмсығы ілмек тәрізді ұзын болып келеді, — деп хабарлады Марқакөл қорығынан.

Суқұзғындар негізінен балықпен қоректенеді. Сондықтан ол Марқакөлдің балық популяциясына айтарлықтай әсер етеді.

Құстардың шоғырланған топтары әртүрлі жерлерде кездескенімен, олардың негізгі ұя салатын аумақтары — Черепанова омартасы мен Губа учаскелері.

Еске салсақ, осыған дейін прокурорлар 455 келі бекіре тұқымдас балықты заңсыз аулағандарды ұстағаны хабарланған.

Соңғы жаңалықтар