ШҚО-да 3 мыңнан астам адамның әлеуметтік көмек алу құқығы негізсіз шектелген
АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданының прокуратурасы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде заңсыз талап қойылғанын анықтады. Аудандық мәслихат әлеуметтік маңызы бар аурулары бар азаматтарға төленетін біржолғы көмекті отбасының табысына қарай шектеген.
Алайда Үкімет бекіткен үлгілік қағидаларда мұндай аурудың болуы әлеуметтік көмек алу үшін жеткілікті негіз ретінде көрсетілген. Соған қарамастан, жергілікті мәслихат қосымша талап енгізіп, көмек алушылардың санын негізсіз шектеген.
Прокуратура заңсыз шешімге наразылық білдіргенімен, мәслихат оны қабылдамаған. Осыдан кейін прокурорлар сотқа жүгінді.
Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты талап арызды қанағаттандырып, әлеуметтік көмек алу құқығын отбасының табыс деңгейімен байланыстыратын талапты заңсыз деп таныды.
Нәтижесінде Глубокое ауданының 3 мыңнан астам тұрғынына әлеуметтік көмек алуға қойылған артық кедергілер жойылды.
Еске салайық, бұған дейін 2027 жылдан бастап жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем алу тәртібі өзгеретінін жазғанбыз.