ШҚО-да 33 бас мал ұрлаған топ қолға түсті
Күдікті ретінде ұсталғандардың бірі - 41 жастағы Ұлан ауданының тұрғыны болса, екіншісі - 38 жастағы өскемендік.
Әуелі Жарма ауданынан 23 бас мал жоғалғаны туралы хабар түскен болатын. Иесі жоғалған малдың құнын 4 млн теңгеге бағалаған. Көп ұзамай Семейдің іргесіндегі Жаңа Бөжен ауылынан 10 бас сиыр ұрланады. Иесі 2,2 млн теңгеге зиян шеккенін айтып, арызданған.
Сақшылар екі оқиғаның бір-біріне тым ұқсас екенін аңғарған. Кейін бұл болжамдары расталып, күдіктінің бірі Ұлан ауданында ұсталған. Оның сыбайласы екі ай бой тасалап, ақыры Өскеменде қолға түседі. «Ұрланған малдың бір бөлігі Өскемен базарларында сатылып кеткен болып шықты. Пышақтан аман қалғандары иесіне қайтарылды. Ұсталған екеудің өзге де мал ұрлығына қатысы тексеріліп жатыр. Былтыр 200 мал ұрлығының беті ашылып, 63 топ ұсталды» - дейді облыстық полиция департаментінің Қылмыстық полиция басқармасының басшысы Нұркен Көпжасаров.