ШҚО-да 600 тонна шөп өртеніп кетті

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында 600 тонна шөп отқа оранған. Қазіргі уақытта өрттің неден шыққаны белгісіз.

өрт
Фото: ТЖМ

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Зайсан ауданы Мұқашы ауылында жалпы салмағы 600 тоннадан асатын 2000 бума шөп өртенген. 

Құтқарушылардың жедел және үйлесімді іс-қимылының арқасында қызыл жалынның басқа аумаққа таралуына жол берілмеді. Көп ұзамай тілсіз жау оқшауланды. 

«Өрт көрші құрылыстар мен шаруашылық қора-жайға таралған жоқ. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеді. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Осы ретте, ТЖД қызметкерлері өңір жұртшылығына шөпті сақтау және жинау кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертті. 

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да егін жинау кезінде комбайн отқа оранғаны хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар