ШҚО-да 800-ге жуық баланы кене шақты
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында кенеден зардап шеккендер саны күн сайын көбейіп барады.

Өңірде кене энцефалитінің зертханалық расталған екі жағдайы тіркелді. Олар – Риддер қаласы мен Катонқарағай ауданының тұрғындары. Бұл туралы ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен мәлім етті.
Бұдан бөлек, Риддер қаласы мен Алтай ауданында екі адам Лайм боррелиозына шалдықты. Бұл да кене арқылы таралатын бактериялық инфекция.
– Әрбір жағдай зертханалық растауды талап етеді. Кене энцефалитінің екі жағдайында да диагноз серологиялық зерттеулер негізінде қойылды. Бұл халық үшін инфекция жұқтыру қаупінің әлі де сақталып отырғанын көрсетеді, - делінген ақпаратта.
Облыста сәуір айынан бері 3 мыңға жуық адам, оның ішінде 765 бала кенеден зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінген. Олардың 92%-ы инфекциялардың алдын алу үшін иммуноглобулин алды. Қалғандары әртүрлі себептерге байланысты вакцина салдырған жоқ. Атап айтқанда, медициналық көмекке кеш жүгіну, өз еркімен бас тарту, қарсы көрсетілімдер немесе кененің эндемиялық аймақтан тыс жерде шағуы.
Кенеден зардап шеккендер саны жағынан Өскемен алдыңғы орында - 1551 жағдай. Ал Риддер екінші (298), Алтай ауданы үшінші (247) орында тұр.
Еске салсақ, осыған дейін Қарағанды облысында үйірлі шегірткеге қарсы фитосанитариялық шаралар жүргізіліп жатқаны хабарланған.