ШҚО-да алимент төлеуден жалтарған 200-ден астам адамға іздеу жарияланды

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Көші-қон қызметі басқармасының мамандары алимент төлемегендерді іздестіріп жатыр. Жыл басынан бері облыста алимент бойынша борышын өтемеген 200-ден астам азамат анықталған.
«Мәселен, тамыз айының басында Семей қалалық ПБ Көші-қон қызметі бөліміне кәмелетке толмаған баласы үшін алимент төлемеген 39 жастағы ер адамға іздеу жариялау туралы сот ұйғарымы келіп түсті. Қысқа мерзім ішінде азаматтың Семейдегі тұратын жері анықталды. Қазіргі уақытта одан ақшаны өндіріп алу үшін материал жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жолданды», - деді ШҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ербол Бекпаев.
Ведомство өкілдерінің дерегінше, алимент төлемегендер ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы және ҚР ҚК-нің 139-бабы бойынша жауапқа тартылады.