ШҚО-да алпысқа жуық адам қар құрсауынан құтқарылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Демалыс күндері Шығыс Қазақстан құтқарушылары 60-қа жуық адамды қар басқан трассалардан алып шықты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ТЖ департаментіне сілтеме жасап.

Жарма ауданында «Шар-Бақыршық» жол бөлігінде тұрып қалған адамдарға көмек көрсетілді. Оларды Шығыс аймақтық аэромобильді жедел құтқару жасағы көршілес Шалабай елді мекеніне жеткізіп салды. Жалпы саны 48 адам және 3 сәби құтқарылды. Трассада 16 жеңіл көлік және 7 дана жүк көлігі қалды.

Сонымен бірге, ШААЖҚЖ екінші тобы «Семей-Өскемен» жол бөлгіндегі үш азаматты Привольное ауылының медициналық-құтқару бөліміне жеткізді.

«Өскемен-Алматы» жолындағы жолаушылар да көмекке мұқтаж еді. ШҚО ТЖД «Өрт сөндіру және апаттан-құтқару жұмыстары қызметінің» өрт сөндірушілері арнайы техникамен 3 адамды Қалбатау ауылына апарды. Жолаушылар арасында зардап шеккендер жоқ.

Құзырлы орган өкілдерінің хабарлауынша, демалыс күндері қатты боран мен жолдың көрінбеуінен бірқатар жолдар жабылған. ШҚО ТЖД қызметтері тұрғындарға жол жағдайын алдын ала ескертті.

Соңғы жаңалықтар