ШҚО-да апатты жағдайда тұрған үйдің тұрғындары әкімдікке шағымданды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданы Белоусовка кентінің тұрғындары үйлерінің апатты жағдайда екенін айтып, әкімдікке шағымданды.

Белгілі болғандай, Белоусовка кентіндегі Юбилейная көшесі, 7 мекенжайындағы көпқабатты үйге жасалған сараптамада үйдің екі кіреберісі тұруға жарамсыз деп танылған. Одан кейін осындағы 34-ші пәтердің тұрғындары жаңа үйге көшірілген. Ал, ғимараттың бір бөлігі тұруға жарамды деп танылғандықтан мәселе сол күйі қараусыз қалған.
«Соңғы уақытқа дейін бұл ғимараттың тұрғындарынан жазбаша өтініштер болған жоқ. Жаңа сараптама жүргізілмейінше, біз ешқандай шешім қабылдай алмаймыз. Соған қарамастан тұрғындармен сөйлесіп, ортақ келісімге келдік», - деді Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тұмашинов.

Бұған дейін жасалған сараптамадан кейін бұл үйдің қауіпті екені расталған. Дегенмен, оны тұруға жарамсыз деп тану туралы нақты шешім қабылдау үшін ғимараттың қазіргі жағдайын бағалауға мүмкіндік беретін қайталама техникалық сараптама қажет. Осыдан кейін үйдің болашақ тағдыры туралы мәселе шешімін таппақ.
Тұрғындарға бірнеше мүмкіндік ұсынылып отыр. Атап айтқанда, басқа үйлерге көшу, кейіннен өтемақы төлей отырып, олардың мүлкін сатып алу. Сондай-ақ әкімдік халыққа қолжетімді ипотекалық бағдарламалар арқылы жаңа баспана сатып алуға көмектесуге дайын.