ШҚО-да аса қауіпті 3 қылмыскердің түрмеден қашып кеткені жайлы ақпарат — жалған
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында аса қауіпті 3 қылмыскердің бостандықта жүргені жайлы жалған ақпарат тарап жатыр.

Әлеуметтік желіде Белоусовка кентінің тұрғындарына далаға шықпай, бейтаныс адамдарға есікті ашпау қажеттігі жайлы жазылған ақпарат тарады.
— Үш қауіпті қылмыскер түрмеден қашып кетті. Сол үшін қазір кент ішін полиция патрульдеп жатыр. Барынша абай болыңыздар! — делінген онда.
Бұның рас-өтірігін білу үшін Kazinform тілшісі ШҚО Полиция департаментіне хабарласып көрдік.
— Әлеуметтік желіде уақытша ұстау изоляторынан тұтқындардың қашып кеткені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Полиция азаматтарды тек ресми және расталған ақпарат көздеріне сенуге шақырады. Егер телефоныңызға күдікті хабарламалар келсе 102 жедел арнасына қоңырау шалыңыз, — деп жауап берді департаменттің баспасөз хатшысы Гүлнұр Түсіпова.
Еске салсақ, осыған дейін Қызылорда облысында шегіртке шабуылы туралы жалған ақпарат таратқандар қатаң жазаланатындығы жайлы хабарлаған едік.