ШҚО-да аса ірі көлемдегі психотроптық заттар сақталған қойма анықталды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында психотроптық заттар сақталған қойма анықталып, екі күдікті ұсталды.
ШҚО полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шаралары барысында тыйым салынған интернет-дүкеннің «қойма-ораушылары» ретінде әрекет еткен 22 және 23 жастағы екі күдіктіні ұстады.
- Анықталған қоймаға шұғыл тінту жүргізу кезінде көк түсті изолентамен оралған ішінде ақ түсті ұнтақ тәрізді заты бар полимерлі пакет тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, аталған зат жалпы салмағы 498,20 грамм болатын «a-PVP» жүйкеге әсер ететін зат екені белгілі болды, - делінген ақпаратта.

23 жастағы күдіктінің пәтерінен ұнтақ тәрізді зат салынған пластик ыдыс, зип-пакеттер, электронды таразы, магниттер және респиратор табылды. Сараптама нәтижесіне сәйкес, тәркіленген зат 168,12 грамм салмақтағы «3-хлорметкатинон» психотроптық заты болып шықты.
Тәркіленген психотроптық заттардың жалпы салмағы 600 грамнан асты. Бұл аса ірі мөлшердегі көрсеткіш. Күдіктілер Шығыс Қазақстан облысына өзге өңірден келген.
Мессенджер арқылы нұсқаулар алып отырған олар жалдамалы пәтерді қойма ретінде пайдаланып, сол жерде тұрып, тыйым салынған заттарды буып-түюмен айналысқан.

- Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тексеру жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды, - делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін Ақтөбеде ірі көлемдегі синтетикалық есірткі тәркіленгені хабарланған.